Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов шағын және микро-бизнеске түсетін жүктемені азайту шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, елде алдыңғы кезеңдер үшін салықтық тексерулер жүргізілмейді.
«Яғни, 1 қаңтардан бастап жаңа парақтан бастаймыз. 2023–2025 жылдар тексерілмейді. Бұл – шағын бизнес үшін үш жылдық кезең. Сондай-ақ камералдық бақылау, яғни есептілік деректерін өзара салыстыру жүргізілмейді. Тек резидент емес тұлғалардың табыстарына қатысты жағдайлар бұған кірмейді», – деді Біржанов.
Тексеру шаралары тек құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған жағдайда жүргізілуі мүмкін. Бұл – стандартты рәсім. Сонымен қатар салық төлеушінің өзі қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару мәселесі бойынша тексеру бастай алады.
Біржановтың айтуынша, бұл шаралар салықтық амнистия болып саналмайды. Елде декларация тапсыру, мобильді аударымдар және салықтық берешектер туралы талаптар өз күшінде қалады.