Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Оқиға

Ресейде қазақстандықтарды сан соқтырып келген интернет алаяқтар ұсталды

Ресейде қазақстандықтарды сан соқтырып келген интернет алаяқтар ұсталды
Сурет: ІІМ

21 қазанда іссапар барысында ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Ресей Федерациясының ІІМ Киберполиция басқармасымен бірлесіп, ұзақ мерзімді жедел шаралар нәтижесінде Ресейдің үш өңірінде интернет-алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер Қазақстан мен ТМД елдерінің азаматтарына бағытталған алаяқтық қоңырауларды ұйымдастыру үшін SIM-карталарды жеткізу және қосу арнасын құрған.

Арнайы операция барысында 11 sim-box құрылғысы, 3 ноутбук, 31 ұялы телефон және 19 мыңнан астам қазақстандық пен еуропалық SIM-карта тәркіленді. Тексеру кезінде ноутбуктерден 2023 жылдың басынан бері іске қосылған абоненттік нөмірлер туралы ақпарат сақталған лог-файлдар табылған. Бұл нөмірлер алаяқтық мақсатта қолданылғаны анықталды.

Заңсыз іс-әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен Ресейдің төрт азаматы ұсталды. Қазір тергеу және жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр.

ІІМ мәліметінше, бұл бірлескен операция SIM-карталарды заңсыз жеткізу арнасын жойып, трансұлттық ұйымдасқан топтың қызметін тоқтатуға, азаматтарды алаяқтық схемаларға тартудың алдын алуға және халықаралық киберқылмысқа айтарлықтай соққы беруге мүмкіндік берді.

ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаевтың айтуынша:

«Біздің бірлескен әрекеттеріміз халықаралық деңгейдегі интернет-алаяқтарға тосқауыл қоюға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған».