Logo
Іздеу
Айдарлар

Сенат жасанды интеллект туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды

/
Сенат жасанды интеллект туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды
Сурет: Сенат

23 қазанда Сенат депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын және оған қатысты түзетулерді қарап, оны қайтадан Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сенатор Бибігүл Аққожина ұсынған құжаттар жасанды интеллектті (ЖИ) қауіпсіз енгізу мен цифрландыру үдерістерін құқықтық тұрғыда реттеуге бағытталған. Оның айтуынша, заң жобасы — Қазақстанда жасанды интеллект саласын алғаш рет жүйелі түрде реттейтін негізгі құжат.

Заң жобасында ЖИ жүйелерін тәуекел деңгейі, автономдылығы және пайдалану режимі бойынша жіктеу көзделген. Сондай-ақ:

- синтетикалық контентті міндетті түрде белгілеп көрсету;

- интеллектуалдық меншік мәселелерін реттеу;

- жоғары тәуекелді жүйелердің аудитін жүргізу;

- адамның құқығы мен қауіпсіздігін қорғау қағидаттары қамтылған.

Сонымен қатар, заң жобасы адам психикасына әсер ететін, манипуляциялық немесе дискриминациялық сипаттағы қауіпті технологияларды қолдануға тыйым салады.

Бибігүл Аққожинаның айтуынша, бүгінде Қазақстанда жасанды интеллект бағытында 27 университет пен 6 ғылыми институт жұмыс істейді, 62 жоба жүзеге асырылуда. Көптеген жобалар Алматы мен Астанада шоғырланған.

Заң жобасына сәйкес, жасанды интеллект саласын реттеу құзыреті Үкіметке, уәкілетті органға және ұлттық платформа операторына беріледі. Бұл оператор ретінде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бекітілген.

Сенатор атап өткендей, құжаттар пакеті цифрландыру, дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы заңнаманы өзара үйлестіруге бағытталған.