Logo
Іздеу
Айдарлар

Еуроодақ Қазақстан банкіне қарсы санкция енгізді

/
Еуроодақ Қазақстан банкіне қарсы санкция енгізді
Сурет: ашық дереккөзден

Еуропалық Одақ Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге қарсы 19-шы санкциялар пакетін бекітті. Бұл жолы тізімге ресейлік «ВТБ» банкінің Қазақстандағы еншілес ұйымы да кірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Шектеу шаралары туралы шешімді ЕО Кеңесіндегі Дания төрағалығы растады. Бұған дейін пакеттің қабылдануы Словакияның қарсылығына байланысты тоқтап тұрған еді. Ел премьер-министрі Роберт Фицо Еурокомиссиядан энергия бағасы мен автокөлік және ауыр өнеркәсіпті қолдау бойынша кепілдіктер сұраған болатын. Бұл талаптар ЕО саммитінің қорытынды коммюникесіне енгізілгеннен кейін Братислава өз наразылығын қайтарып алды.

Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

«Құжатты жазбаша түрде бекіту рәсімі басталды. Егер қарсылықтар болмаса, пакет ертең таңғы сағат сегізде толық қабылданады», — деді Дания төрағалығы.

Бірінші рет санкциялар тізіміне Ресейдің сұйытылған табиғи газын (СПГ) импорттауға тыйым салу енгізілді. Бұл – Еуропаның энергетикалық нарығы үшін ең сезімтал шешімдердің бірі. Қысқа мерзімді келісімшарттар алты айдан кейін, ал ұзақ мерзімді келісімдер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап тоқтатылады.

Бұл мерзім Еурокомиссияның ресейлік қазба ресурстарына тәуелділіктен бас тарту жоспарына қарағанда бір жыл ертерек.

Сондай-ақ санкциялар пакеті Ресейдің «көлеңкелі флотындағы» 117 кемеге, негізінен мұнай тасымалдайтын танкерлерге қатысты шектеулерді қамтиды. Қазір ЕО санкциялар тізімінде 558 ресейлік кеме бар.

Бұған қоса, санкцияға Қазақстан мен Беларусь банктері және мұнай саласымен байланысы бар төрт қытай компаниясы ілінді.