Түркістан облысында бұған дейін медициналық мекемеден қашып кеткен сотталушы ұсталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері медициналық мекемеден қашып кеткен сотталушыны ұстады. Ол Түркістан қаласында танысының үйінде жасырынған жерінен қолға түсті»,- деп мәлімдеді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір ол тергеу изоляторына қамалды.
«Қажетті процессуалдық шаралар жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде» деп атап өтті департамент өкілдері.
Мәліметке сәйкес, жағдай Түркістан облысы ПД басшысының жеке бақылауында.
«Сотталушыны ұстау мақсатында ауқымды жедел-іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды, бақылау бекеттері қойылды, сондай-ақ полицияның барлық жеке құрамы жұмылдырылды»,- деді полициядағылар.
Еске салайық, 23 қазанда сотталушы Түркістан облысындағы медициналық мекемеден қашып кеткен болатын.