Logo
Іздеу
Айдарлар

Ауған қазақтары Тоқаевтан көмек сұрады

/
Ауған қазақтары Тоқаевтан көмек сұрады
Сурет: ашық дереккөзден

Ауғанстандағы қазақтардың өмірі қиын жағдайда, олар тарихи Отанға оралуды қалайтыны туралы бұрын хабарланған болатын. 11 қазан күні Ауғанстан мен Пәкістан арасында қайта қарулы қақтығыс басталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қақтығыс кейін тоқтағанымен, туыстарының өміріне қауіп төніп тұрғанына байланысты, ауған қазақтары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, елге оралуға көмек сұрады.

Ауғанстанда «Талибан» қозғалысының билікке келуінен кейін елдің экономикалық жағдайы санкциялар салдарынан күрт нашарлады. Ел фактілі түрде әлемнен оқшауланып, қатал исламдық ережелерді ұстануда.

Қыркүйек соңында «жалғандыққа қарсы күрес» деген сылтаумен талибтар интернетті толық өшірді. Сөз бостандығы мен БАҚ қызметі жоқ, әйелдер паранджа киіп жүруі міндетті, ал алтыншы сыныптан кейін білім алу құқығы жоқ. Көптеген мемлекеттер әлі күнге дейін Ауғанстанды заңды мемлекет ретінде мойындамаған.

Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында қарулы қақтығыстар орын алып, әскери қызметкерлер қаза табуда. Қазіргі таңда тараптар атысты тоқтату туралы келісімге келгенімен, қашан соғыс қайта басталатыны белгісіз. Сол себепті ауған қазақтары Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне және тікелей Президент Тоқаевқа өтініш жолдады.

Ауған Қазақ мәдени орталығының төрағасы хаджи Асат Оймаұыттың хатында Ауғанстанда шамамен 200–300 қазақ отбасы тұратыны айтылады.

Ауған қазақтары парсылар мен пуштундар арасында өмір сүріп, олардың кейбір тұрмыс-тіршілігі мен тілін меңгергенімен, ұлттық бірегейлігін сақтап қалуда.