Бүгін, 28 қазанда Ақтаудағы 32в шағынауданда орналасқан «Асия» тұрғын үй кешенінің жертөле бөлігіндегі сервис орталығында газ-ауа қоспасының жарылысы орын алды, деп хабарлайды Arasha.kz.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнына жедел түрде Маңғыстау облысы ТЖД-ның 15 қызметкері мен 5 техникасы, сондай-ақ жедел жәрдем бригадасы жіберілген.
Құтқарушылар келген кезде газ-ауа қоспасының жарылысы болғаны, кейіннен өрт шыққаны анықталды. Өрт толықтай сөндірілді, оқиғаның себептері анықталып жатыр.
Жарылыс толқынынан жертөледегі және бірінші қабаттағы пәтерлердің терезе конструкциялары зақымдалды, көрші құрылыс алаңының шамамен 10 метрлік тас қоршауы жартылай қирады, сондай-ақ бірнеше көлікке зиян келді.
Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті, барлығы Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді.