Мұқтаж адамдарға жәрдемдесу, қиындықта жалғыз қалдырмау сияқты жылы жүрек, қолы ашық болу елімізге ежелден тән сықылды. Жұмыла көтерген ‒ жүк жеңіл» деп, бір жағадан ‒ бас, бір жеңнен ‒ қол шығарып, елімізде талай жұмыс бітіп жатыр. Оған дәлел еріктілердің бас болуымен, халықтың ұйымдасуымен үйлі, көлікті болып жатқан талай мұқтаж адамдар, еміне қаражат жинап, дертінен айығып жатқан жандар қаншама?! Мұның барлығы еліміздің мәрттігі, халқымыздың жомарт, қолы ашық болмысынан болса керек, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бүгінгі күні Қазақстанда азаматтардың белсенділігі, бір біріне жанашырлығы мен қолұшын созуға дайын тұратын қоғамдық эмпатиясы өз отанымызда ғана емес, көптеген өзге елдердің де қызығушылығын оятады.
Мысалы өткен жылы Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде жедел қызмет өкілдерінің ғана емес, сондай-ақ қарапайым адамдардың апаттан зардап шеккендерге жан ұшыра көмекке ұмтылғанын, Қазақстаннан тыс елдерде айтып, таңқалысып жатты. Ал қазақстандықтар үшін ондай қайғылы жағдай жығылғанға ‒ жұдырық болу немесе біреудің қайғысынан пайда табу емес, обал‒сауабын түсінетін қазақи тәрбиенің жемісі.
Осы асыл қасиет бізге атадан балаға берілген мұра десек, осынау артықшылықты дамытып, азаматтарға дем беріп, бағыт бағдар ұсынып отырған мемлекеттік бағдарламалардың да өз әсері бар екені рас.
Қазргі уақытта елімізде сәтті жүзеге асқан және асып жатқан, асатын бастамалар, жобалар мен тұжырымдамалар өз жемісін беріп жатқанын көруге болады. Мысалы: «Азаматтық қоғамды дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасында волонтерлік қызметті дамытудың 2021–2023 жылдарға арналған жол картасы», «Жастар саясаты мен азаматтық белсенділікті дамыту 2023–2027 жылдарға арналған жөніндегі кешенді жоспары» мен «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, «Ұлттық волонтерлік желі» бірлестігі және «Жаңа Қазақстан» азаматтық платформасы сияқты маңызды жобалар қазақстандық қоғамның дұрыс бағытта бет алуына өз әсерін тигізіп жатыр.