Logo
Іздеу
Айдарлар

Қазақстан мен Ауғанстан бизнес-форумының нәтижесінде $303 млн көлемінде келісім жасалды

/
Қазақстан мен Ауғанстан бизнес-форумының нәтижесінде $303 млн көлемінде келісім жасалды
gov.kz

Шымкент қаласында өткен Қазақстан–Ауғанстан бизнес-форумы аясында жалпы құны 303 миллион АҚШ долларын құрайтын 15 құжатқа қол қойылды. Форумға екі елдің мемлекеттік органдары мен ірі бизнес өкілдері қатысты. Іс-шара Қазақстан Үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Форум барысында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Ауғанстанның Сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизи мен Қазақстан Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Евгений Тукумов құттықтау сөз сөйледі.

Форум аясында Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы мен «Shymkent Invest – Front Office» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім екі ел арасындағы инвестициялық және сауда байланыстарын кеңейтуге бағытталған.

«Ешқандай кедергілерге қарамастан, екіжақты сауда дами беретініне сенімдіміз. Басты мақсатымыз — қазіргі сауда көлемін сақтап қана қоймай, экспортталатын тауар түрлерін көбейту», — деді QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.

Соңғы деректерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 545,2 миллион долларды құраған. Әсіресе болат прокаты, жүк көліктері және қант экспорты бойынша өсім байқалған.

Форум нәтижесінде QazTrade пен Gazanfar корпорациясы Мазари-Шариф қаласында серіктестік кеңсе ашу жөнінде уағдаласты. Бұл кеңсе екі ел арасындағы сауда қатынастарын одан әрі дамытуға ықпал етпек.