Алматының "Қайрат" футбол клубы Қазақстан құрамасының қақпашысы Александр Заруцкиймен келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылдады, деп Arasha.kz тілшісі Sportinside.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл ақпаратты журналист Елдар Аманбаев Telegram-дағы ресми арнасында растады.
"Александр Заруцкий "Қайраттан" кетеді. Менің дерегім бойынша, ел чемпионы тәжірибелі ойыншымен келісімшартты ұзартпауға шешім қабылдаған. Маусым басында ол негізгі қақпашы болғанымен, жарақат алып қалған соң, негізгі құрамдағы орнын жоғалтты. Оның орнын енді Темірлан Анарбеков басты, қазір клуб дәл соған үлкен үміт артып отыр", – деп жазды журналист.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде Заруцкий барлық матчқа бастапқы құрамда шыққан. Алайда "Селтикке" қарсы сырттағы кездесуде жарақат алып, келесі ойында алаңға шыға алмады.
Ал Алматыда өткен жауапты матчта қақпаны Темірлан Анарбеков қорғап, пенальти сериясында сенімді ойын көрсетіп, "Қайраттың" еурокубоктың келесі кезеңіне өтуіне үлкен үлес қосты.