Луврдағы даңқты ұрлық ісіне қатысты жаңа деректер пайда болды. Бұған дейін BFMTV телеарнасы үшінші күдіктінің ұсталғанын хабарлаған еді. Алайда француздық Le Figaro газеті полицияның бес адамды қамауға алғанын жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын екі адам ұсталған болатын — олардың бірі Алжирге ұшып кетпек болған сәтінде әуежайда қолға түсті. Тергеу мәліметінше, олар 19 қазанда маска киіп Луврға басып кіріп, құны шамамен 88 миллион еуро тұратын сегіз аса қымбат зергерлік бұйымды ұрлаған қылмыстық топтың мүшелері.
«Бес күдіктінің барлығы полиция тарапынан ұсталды», — деп жазады Le Figaro басылымы полициядағы дереккөзіне сілтеме жасап.
Париж прокуроры Лор Беконың айтуынша, тергеу жалғасып жатқандықтан, ұсталғандардың жеке тұлғалары туралы нақты мәліметтерді жариялау әзірге ерте. Прокурордың сөзінше, тергеуге табылған ДНҚ іздері айтарлықтай көмек беріп жатыр.
Айта кетсек, ұрланған асыл бұйымдардың арасында Наполеон, Мария-Антуанетта және өзге де тарихи тұлғалардың зергерлік коллекцияларынан алынған әшекейлер бар. Алайда олар әлі табылған жоқ.