Logo
Іздеу
Айдарлар

FlyArystan ұшағы Қостанайға қона алмай Астанаға қайта оралды

/
FlyArystan ұшағы Қостанайға қона алмай Астанаға қайта оралды
Сурет: FlyArystan

Астанадан Қостанайға бағыт алған ұшақ ауа райының қолайсыздығына байланысты елорда әуежайына қайтуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әуекомпанияның мәліметінше, өзгеріс Астана – Қостанай бағыты бойынша FS7341 рейсіне қатысты болды. Ұшақ Қостанайдағы ауа райының нашарлауына байланысты ұшу әуежайына кері оралған. Кейін рейс ұшу-қону жолағын қардан тазалау жұмыстарына байланысты уақытша жабылғандықтан кейінге шегерілді.

Сол себепті Қостанай – Астана бағытындағы кері FS7342 рейсі де кешікті. Компания түсіндіргендей, FlyArystan рейстері айналымды схема бойынша орындалатындықтан, бір рейстің кешігуі келесісіне әсер етеді.

«FS7341 рейсінің жолаушыларына сусындар мен ыстық тағам берілді. FS7342 рейсінің жолаушыларына да қалауы бойынша қонақүйде орналастыру ұсынылды. Астана – Қостанай бағытындағы FS7341 рейсінің ұшуы 17:05-ке, ал Қостанай – Астана бағытындағы FS7342 рейсі 18:50-ге жоспарланған», — делінген баспасөз қызметі хабарламасында.

Әуекомпания өкілдері жолаушылар рейс кестесіндегі өзгерістер туралы WhatsApp-хабарлама, SMS және билет сатып алу кезінде көрсетілген электронды пошта арқылы хабардар етілетінін атап өтті.

«Ауа райының қолайсыздығы мен әуежайлардың шектеулерінен туындаған рейс кешігулері авиакомпанияның бақылауында емес. FlyArystan үшін кез келген жағдайда басты басымдық — жолаушылар мен ұшулардың қауіпсіздігі», — деп түйіндеді компания.

Бұған дейін елорда әуежайында Scat әуе компаниясының Астана – Ақтау рейсі «деструктивті жолаушының» әрекеті салдарынан кешіккені хабарланған болатын.