Logo
Іздеу
Айдарлар

Мас күйінде көлік жүргізген судья оқиғасынан кейін қазақстандықтар Тоқаевқа үндеу жасады

/
Мас күйінде көлік жүргізген судья оқиғасынан кейін қазақстандықтар Тоқаевқа үндеу жасады
Сурет: pexels

Астанадағы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Әсел Досаеваның мас күйінде көлік жүргізген оқиғасынан кейін қазақстандықтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, сот жүйесінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіріп, оны реформалауды талап етті, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, елдегі сот жүйесінің жағдайына, әсіресе судьялардың іс жүзіндегі тиіспеушілік тәжірибесіне қатты алаңдаймыз. Судьяларға берілген ерекше кепілдіктер әділдікті қорғау құралына емес, жауапсыздық пен шексіз еркіндік тетігіне айналды. Көптеген азаматтар судьялардың әдейі әділетсіз, сыбайлас жемқорлықпен байланысты шешімдер қабылдап, адамдардың тағдырымен ойнағанына, бірақ жазаланбай қалатынына куә. Мұндай жағдай қоғамның сот билігіне деген сенімін бұзады және Конституцияға тікелей қайшы келеді. Біз судьялардың қазіргі тиіспеушілік мәртебесі әділдік, теңдік және жауапкершілік қағидаттарына қайшы деп есептейміз. Судьяның тәуелсіздігі жазасыздықты білдірмеуі керек», — делінген президентке жолданған ұжымдық үндеуде.

Үндеу авторлары «Судьялардың мәртебесі мен сот жүйесі туралы» заңға өзгерістер енгізіп, судьяларды жауапкершіліктен іс жүзінде босататын баптарды алып тастауды, сондай-ақ әділетсіз немесе сыбайлас шешім қабылдаған судьяларды нақты жауапкершілікке тарту тетіктерін енгізуді талап етті. Сонымен қатар, олар азаматтар, құқық қорғаушылар мен тәуелсіз заңгерлердің қатысуымен сот жүйесін реформалау жөнінде ашық қоғамдық талқылау өткізуді ұсынды.

Айта кетсек, Конституцияға сәйкес судьяларды тағайындайтын президент Тоқаев елде заң бұзушылардың бәрі жазалануы тиіс деген қағидатты ұстанып, оны «Заң және Тәртіп» ұстанымы деп атайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Президентке хаттар» Telegram-арнасы судья Әсел Досаеваның мас күйінде және жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізгенін хабарлаған болатын. 2 қарашада полиция Mazda көлігін мас жүргізушімен бірге ұстағанын растады. Кейін құқық қорғау органдарындағы дереккөз полицияның судьяны бірден қамауға ала алмайтынын, себебі ол үшін белгілі бір рәсімдерден өту қажет екенін хабарлады.