Logo
Іздеу
Айдарлар

Қамауда отырған Алмазбек Садырбай Президентке үндеу жолдады

/
Қамауда отырған Алмазбек Садырбай Президентке үндеу жолдады
Сурет: ашық дереккөзден

Қамауда отырған мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмазбек Садырбай өзіне қатысты қылмыстық іс бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Мен қамауда отырғаныма бір жыл болды. Осы уақытқа дейін үндемей, сабыр сақтап, оң өзгеріс болады деп үміттендім. Бір жыл ішінде мені 10 рет этаппен ауыстырды. Тергеудің соңғы күнінде, қамау мерзімі аяқталар сәтте, ведомствоаралық тергеу тобы істі жаңа баптармен толықтырды – “ҰҚТ құрамында болу және мүлікті заңдастыру” деген айыптар қосылып, қамау мерзімін бір жылға ұзартуға мүмкіндік берді», – делінген әлеуметтік желілерде жарияланған, жасанды интеллект арқылы жасалған Алмазбек Садырбайдың бейнеүндеуінде.

Үндеумен бірге жарияланған мәтінде де оның кінәсін дәлелдейтін ешқандай айғақ жоқ екені айтылған.

Садырбайдың пікірінше, оған қатысты жағдайдың себебі – оның қоғамдық қызметі. Үндеуде айтылғандай, ол соңғы уақытта фермерлердің мәселелерін, азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі сұрақтарды көтеріп, сын айтып жүрген.

«Мен қамауға алынған соң, Алматы облысының прокуратурасы БАҚ арқылы менің атыма жалған ақпарат таратты — менің атымнан Алматы қаласында алты элиталық пәтер тәркіленді деп хабарлады. Бұл шындыққа жанаспайды. Мен әділдік сұраймын. Мен рақым емес — тек ақиқатқа қол жеткізу құқығын сұраймын», – делінген Садырбай атынан жарияланған үндеуде.

Алмазбек Садырбай өткен жылдың қарашасында ұсталған.

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбай қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметі бойынша, 1,2 млрд теңге көлеміндегі субсидияларды жымқырды және алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.

Кейін тергеу соты Садырбайдың қамауда ұстау мерзімін биылғы 5 қарашаға дейін ұзартқан.