Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары аясында маңызды қаржылық келісім жасалды. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы (ҚТЖ) локомотив паркін жаңарту мақсатында 10 жыл мерзімге 1,6 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржыландыру тарту жөнінде Мандаттық келісімге қол қойды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Келісім ҚТЖ мен Citibank арасында жасалған. Бұл мәміле аясында АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі (US EXIM) кепілгер ретінде қолдау көрсетеді.
Жаңа локомотивтер америкалық Wabtec компаниясынан алынып, 2038 жылға дейінгі ұзақ мерзімді кезеңде жеткізіледі. Айта кетерлігі, бұл локомотивтер Қазақстан аумағында, нақтырақ айтқанда, Астанадағы "Локомотив құрастыру зауыты" АҚ-да өндіріледі. Бұл зауыт – Wabtec Transportation Engines Holding B.V. компаниясының еншілес кәсіпорны.
Бағдарлама тартқыш жылжымалы құрамды кешенді жаңартуға, сондай-ақ жүк тасымалының өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа буын локомотивтерді пайдалану энергия тиімділігін арттырып, тасымал сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.