Logo
Іздеу
Айдарлар

Германияда қаза тапқан судьяның ісі бойынша Қазақстан тергеу бастады

/
Германияда қаза тапқан судьяның ісі бойынша Қазақстан тергеу бастады
Сурет: ашық дереккөзден

Германияда қаза тапқан қазақстандық Айгүл Сайлыбаева ісі бойынша тергеу енді Қазақстанда да жүргізіліп жатыр. Бұл ақпаратты ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Сенат кулуарында растады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, істің халықаралық сипатына байланысты негізгі үйлестіру жұмысы Бас прокуратураның құзырында.

«Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 110-бабы — “Азаптау” бойынша жеке қылмыстық іс қозғалды. Тергеу марқұмның туыстарының өтінішінен кейін басталды. Бұл — ерлі-зайыптылар Қазақстан аумағында, Жетісу облысында жүрген кезеңге қатысты. Германияда — кісі өлтіру фактісі тергелуде, ал бізде — күйеуінің тарапынан болған азаптау мен дене жарақаты фактілері қаралып жатыр», — деді Әділов.

Оның сөзінше, тергеу аясында сараптамалар тағайындалған, ал мамандар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста.

Бұған дейін адвокат Жанна Оразбақова Германия полициясының бір жарым жыл бойы дәлелдерді елемей келгенін айтып, істегі ілгерілеудің жоқтығына назар аудартқан еді.