Арыс қаласындағы бір мектепте дәл қазір 17 жұп егіз оқиды. Өткен жылы олардың саны тіпті көп болған — 32 жұп. Мұғалімдер бір-біріне ұқсас балаларды шатастырып алады екен. балалардың өздері әзілдеп, кейде мұғалімнің тақтаға кімді шақырып тұрғанына өздері де күмәнданатынын айтады, деп хабарлайды Arasha.kz.
5-сынып оқушылары Абдулазиз бен Абдулхафиз — дәлізде ажырату өте қиын егіздердің бірі. Олардың киімі, жүрісі, тіпті мимикасы да бірдей, деп жазды Orda.kz.
«Мұғалім есімімізді сұрайды, бірақ бәрібір шатастырып алады. Кейде мені тыртығымнан таниды. Үйде әжем айырады, атам — жоқ. Сыныптастар да шатастырады, ал достар үйреніп кетті. Кейде әдейі есімдерімізді ауыстырып қоямыз», — дейді Абдулазиз Бакирданбек.
Сырт келбеті ұқсас болғанымен, қызығушылықтары әртүрлі. Бірі — спортшы, екіншісі — шығармашылыққа жақын. Араларындағы жас айырмашылығы бірнеше минут қана. Бірақ бұл олардың бірі өзін үлкен, екіншісі кіші санап жүруіне кедергі емес.
Жоғары сыныптарда да егіздер көп.

«Біздің мектеп ерекше. Егіздер көп. Кейбір сыныптарда үш жұптан бар. Біздің сыныпта бір жұп қана. Біз көп жылдан бері бірге оқимыз. Бір қалаға оқуға түскім келеді, бірақ мамандықтарымыз әртүрлі болады. Қалай да жақын жүреміз», — дейді 11-сынып оқушысы Оңдасын Асылбеков.
Әліби Жангелдин атындағы мектеп халық арасында әлдеқашан «егіздер мектебі» атанып кеткен.
«Бізде 1700-ге жуық оқушы бар, егіздер расында көп. Олар жақсы үлгі көрсетеді. Бір-бірін қолдайды, көмектеседі, айналасындағыларға қамқор. Бұл мектепте жылы атмосфера қалыптастырады», — дейді мектеп директоры Рахима Жүсіпова.
Түркістан облысында жалпы егіздер мен үшемдердің туу көрсеткіші өсіп келеді. Бұл неліктен болып жатқанына дәрігерлер әзірге нақты жауап бере алмайды.
Тек Арыстың өзінде 150-ге жуық кәмелетке толмаған егіз бар. Жыл сайын бұл көрсеткіш артып келеді.