Бүгінгі Үкімет отырысы Түркістан облысының Алғабас ауылында 12 адамның өмірін қиған өрт мәселесін талқылаудан басталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев үкіметтік комиссияның алдын ала қорытындыларын жариялады. Оның айтуынша, өрт туралы қоңырау өрт сөндіру қызметіне таңғы 5:36-да түскен, ал өрт толық 7:22-де сөндірілген.
Алайда 12 адамды аман алып қалу мүмкін болмаған. Тағы үш адам қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
«Оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, өрттің себебі анықталуда. Алдын ала криминалдық белгі жоқ. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды», – деді Бозымбаев.
Ол сондай-ақ билік марқұмдарды жерлеуді өз мойнына алғанын және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетіліп жатқанын еске салды.