Парламент Сенатының кезекті отырысында 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы мен жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин кірістер болжамын және Ұлттық қор қаражатын пайдалану параметрлерін таныстырды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Трансферттерді есепке алмағанда кірістер 2026 жылы 19,2 трлн теңге көлемінде немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 10,5% деңгейінде болжануда. Осы жылдың бағалауымен салыстырғанда өсім 4,7 трлн теңгені құрап, 2028 жылға қарай 23,2 трлн теңгеге дейін немесе 20,8%-ға өсуі күтілуде. Жалпы, республикалық бюджеттің меншікті кірістермен қамтамасыз етілуі 2025 жылғы 63,7%-дан 2028 жылы 83,5%-ға дейін өседі», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мұнайдың кесімді бағасы бойынша есептелген лимит шегінде жыл сайын 2 770 млрд теңге мөлшерінде айқындалды.