Logo
Іздеу
Айдарлар

Ғылымға инвестиция: жас ғалымдарды қолдау жүйесі қандай?

/
Ғылымға инвестиция: жас ғалымдарды қолдау жүйесі қандай?
Сурет: pexels

Мемлекеттің дамуы ғылыми көрсеткіштерге тікелей байланысты. Сондықтан да бүгінгі күні ғылымды дамытуға жыл сайын бөлінетін қаражаттың көлемі артып отыр. Мемлекеттің саясаты бойынша 2029 жылға қарай ғылымға жұмсалған қаржының көлемін жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына кезең-кезеңмен жеткізу көзделген. Ғалымдар болса елдегі ғылымға қанша ақша бөлінсе де артық етпейді деп есептейді.

Ал жас ғалымдарға арналған мемлекеттік немесе университеттік қолдау жеткілікті ме? Біз бұл сұрақты Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы, PhD-докторы Нұржан Көшкеновке қойдық.

«Жас ғалымдарға қазір мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер жасап жатыр, көмек-қолдау көрсетіп жатыр. Мысалға «жас ғалым» деген жоба бар. Немесе ғылыми жобаларға мемлекеттік грант берген кезде ғылыми зерттеу құрамында кемінде 30 пайыз жас ғалым болуы керек дейді. Яғни, оның ішінде жасы қырыққа толмаған адамдар болуы тиіс. Оның негізгі идеясы жастарды ғылымға баулу, оларды қолдау. Бұл әрине өте жақсы. Бірақ Қазақстанда «жас ғалым» деп 40 жасқа толмаған биологиялық жасын айтады. Жасы қырықтан асып кеткен PhD-докторантурасын жақында бітірген немесе қорғаған адамды «жас ғалым» деп атамайды. Өйткені университетті жаңа бітірген болсаң жас ғалым боласың, ал өндірісте жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап, әбден толысқан кезде ғылымға келсең, бірақ жасың қырықтан асып кетсе ‒ жас ғалым емессің. Жас ғалымдарға берілетін жеңілдіктерді ала алмайсың. Мұны өзгерту керек деп ойлаймын. Менің ойымша «жас ғалым» деп ғылымға келген уақытынан бастап есептеу керек», ‒ дейді ол.

Нұржан Көшкенов Қазақстанда ғылым саласына әлі де қаражат бөлінуі қажет деп есептейді. Себебі ғылымның шығыны көп, жемісін беруі ұзақ уақыт алады.

«Ғылым бизнес емес қой. Мысалы Томас Эдисон қанша мың зерттеу жасады да, соның біреуі ақыры жемісін берді де, лампа жасап шығарды. Сол сияқты ғылымда көптеген сәтсіздік болады, соның ішінде біреуі жарқырап шыға келуі мүмкін. Сол себепті ғылымнан ақша аямай, әрқашан қолдауды үдете беру керек. Қазір жеткілікті екен деп қарап отыруға болмайды. Мысалы бізде жасы қырыққа толмаған перспективалы жас ғалымдардың бірнешеуі «жас ғалым» деген жобаға іліне алмай қалды. Сондықтан ғылымға өте көп қаражат қажет», ‒ дейді ғалым.