Logo
Іздеу
Айдарлар

Мәжіліс депутаты Бапи түрмедегі журналист Думан Мұхамедкәріммен кездесті

/
Мәжіліс депутаты Бапи түрмедегі журналист Думан Мұхамедкәріммен кездесті
Фото: коллаж arasha.kz

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи түрмеде отырған журналист Думан Мұхамедкәрімге Қызылордаға барып қайтқанын, оның жағдайын білгенін жазды, деп хабарлайды arasha.kz депутаттың әлеуметтік желідегі жазбасына сілтеме жасап.

Қызылордаға барып, абақтыда отырған Думан Мұхамедкәріммен кездесіп қайттым. Облыстағы жігіттер дайындап берген күздік соғымнан сыбаға апардым. Колония әкімшілігіне рақмет: басқа да тәтті-мәтті сәлем-сауқатты таразыламай өткізді.

Екеуара екі сағатқа жуық әңгімелестік. Сол баяғы Думан: бірбеткей, тікмінез, турашыл. Сот үкімімен таңылған жазаны мойындамайды.

Бұдан бір жарым жыл бұрын Талдықорған "СИЗО"-сында кездескен кезге қарағанда, біраз жүдеу тартқан. Мен келерден бір күн бұрын (20.11.25) кезекті аштықтан шығыпты. "Сухой аштық па?" десем: "Жоғ-ә, сұйық ішпесең, үш-төрт күннен кейін крышаң кетіп қалады" деп күледі. Бостандықта жүрген кезіндей, әзілден кенде емес.

Өр мінезінен айнымаған. Ұнжырғасы түспеген. Басты айнадай ғып, ұстарамен қырып тастаған. "Неге қырдың?" десем, "Гигиена, кичада душ жоқ қой..." деп тағы да әзілдейді.

Кичасы - карцер, Қызылордаға этаппен келгеннен бергі жалғыз адамдық мекені. Колония тәртібіне бағынбағандықтан, режимнің талабы бойынша осындай ішкі жазаға кесілген. Себебі - мекеменің жалпыға ортақ киімін киюден бас тартқан.

"Киімін кие салмадың ба?" деймін.

"Егер жазықсыз сотталып, үкімді мойындамасам, неге түрменің киімін киюім керек?!" деп, өзіме қарсы сұрақ қояды.

"Қайдам? Қапаста отырсың, жиі-жиі аштық жариялайсың, денсаулығыңды құртып алмайсың ба?" дегенім-дағы.

Анығында денсаулығы біраз сыр бергені рас екен. "Еттің қашуынан екі бүйрегім төмен түсіп кетті. Белім ол сырқырайды. Асқазаным да ауырады..." дейді Думан.

"ДУИС-тегілер бәріне өзі кінәлі, аштыққа бармаса, бұлай болмас еді деп отыр ғой..." деймін мен Думанға.

"Менде наразылық білдірудің басқа қандай амалы бар? Өзімнің қарсылығымды осылай аштық жариялаумен ғана білдіре алам" дейді Думан.

"Бізге сот үкімімен мұнда қамалғандардың бәрі бірдей. Жеке Мұхамедкәрімге жеңілдік жасап, "бізге неге спорттық киіммен жүруге рұқсат етілмейді?" дейтін басқа сотталғандардың наразылығын тудыруға болмайды.

Тәртіп бәріне бірдей" дейді мекеме әкімшілігінің жетекшісі.

"Думанның маған жазған өтінішінде өзінің тұрғылықты жері Алматының төңірегіне немесе таяудағы Талдықорғанға ауыстыруды сұрайды. Түрмеден - түрменің жорғасы жоқ, Алматыға ауыстыру жөніндегі өтінішін өтеу қаншалықты қиын?" деген сұрағыма ДУИС-тен: "Мұхамедкәрімнің 13 ішкі жазасы (вызыскание) бар, сондықтан мекемеге сәйкес тәртіпті бұзған сотталушылардың мұндай өтініші орындалуға жатпайды" дейді мекеме басшылығы.

"Думанның бұл өтініші орындалса, біраз дабыраның дауы басылар ма еді..." деген сұрағыма ДУИС-тен: "Ондайда жазасын өтеу орынын ауыстыруды сұраған, ішкі тәртіпті бұзбаған басқалардың құқығына әділетсіздік жасаған боламыз. Ондай өтініш аз емес" деген жауап алдым.

"Сен отырған кичаға жарылғыш зат лақтырылды деген хабардың жөн-жосығы не болды?" деп сұрадым Думаннан. "Оның жай-жапсарын менен емес, осы жағдайды тексергендерден сұрау керек!" дейді Думан.

"Сотталған адам отырған камераның есіктегі тесігінен әлдебір белгісіз жарылғыш зат лақтырылды деген адвокаттың мәлімдемесіне байланысты не айтасыз?" деген сауалыма түрме басшысы: "Бұл жағдай тексерілуде. Бірақ мұндай қарабайыр әрекетті Мұхамедкәрімге қатысты қастандық жасалған деп бағалауға болмайды. Егер шынында да түрмеде отырған әлдекімге (Думанға ғана емес) қастандық ұйымдастырылатын болса, әдетте ондай іс даңғаза дабырамен жасалмайды ғой. Сондықтан бұл Думанның төңірегіндегі қоғамдық у-шуды қоздырудың әлдекімдер сырттан ұйымдастырған провакациялық әрекеті" деп жауап берді.

Басқалар не дерін қайдам, ал мен бұл жауапқа иландым. Шынында да, "саяси тұтқын" саналатын, түрмеде қаухарсыз отырған адамға жарылғыш затпен қастық жасау қисынға сыймайтын қылық болмақ. Думанның өзі де бұған аң-таң.

Қысқасы, Думанмен кездесуден кейін, бұл менің қоғамға айтар қысқа-нұсқа хабарым. Ал күні-түні жалғыз ұлын уайымдаған анасы мен баласының денсаулығы дімкәс деген хабар естігеннен бері қан қысымы басына шауып жүрген әкесіне мен айтар жағдаяттың жөні қоғамшылдарға қатысты болмаса керек...