Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Түркістан облысында 1,1 млрд теңге жымқырды деген күдікпен кәсіпкер қамауға алынды

Түркістан облысында 1,1 млрд теңге жымқырды деген күдікпен кәсіпкер қамауға алынды
Видеодан кадр: t.me/afm_rk

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөлінген мемлекеттік субсидияларды заңсыз иемдену дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Мемлекетке келтірілген залал 1,1 миллиард теңгеге бағаланып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

ҚМА мәліметінше, күдікті ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған мемлекеттік қолдау қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған болуы мүмкін. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол техника жеткізуші, лизинг беруші және субсидия алушы ретінде жұмыс істеген бірнеше коммерциялық ұйымды өз бақылауына алған.

Агенттік мәліметінше, "Агрохолдинг Туркестан" және "JMJ-Агро" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арқылы 81 жаңбырлатып суару машинасын сатып алуға мемлекеттік субсидия алу үшін өтінімдер рәсімделген. Ал лизинг беруші ретінде күдіктінің бақылауындағы "АгроПромЛизинг" микроқаржы ұйымы көрсетілген.

Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат осы ұйымның арнайы есепшотына аударылған. Алайда тергеу барысында 81 машинаның 37-сі іс жүзінде жеткізілмегені және орнатылмағаны анықталған. Соған қарамастан, құжаттарда барлық міндеттеме толық орындалғандай көрсетілген.

ҚМА дерегінше, жеткізілмеген техникаларға қатысты жалған мәліметтер енгізілген қабылдау-тапсыру актілері рәсімделген. Кейін бюджет қаражаты күдіктінің бақылауындағы коммерциялық ұйымдардың есепшоттарына аударылған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің алдын ала есебі бойынша, аталған әрекеттер салдарынан мемлекетке 1,1 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды.

Агенттік қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.