Logo
Іздеу
Айдарлар

Солтүстік Қазақстанда Алашордаға қойылған ескерткішті облыс әкімдігі қиратып жатыр

/
Солтүстік Қазақстанда Алашордаға қойылған ескерткішті облыс әкімдігі қиратып жатыр
Фото: Заңғар Кәрімхан Facebook парақшасынан алынды.

Әлеуметтік желіде Заңғар Кәрімхан таратқан ақпарат пен фото тарады. Онда желі қолданушысы Алаш арысының құрметіне қойылған мемориалдық кешенге вандализм жасап кеткенін айтып, мәселе көтергендеп хабарлайды Arasha.kz.

Төменде Заңғар Кәрімханның ақпаратын ұсынып отырмыз.

Бүгін Алаштың аса көрнекті қайраткері, жазушы-журналист, ұлт ұранының авторы Міржақып Дулатұлының туған күні, тура 140 жыл толды. Бәріміз аруағын тербетіп, есімін атап еске алып жатырмыз, дұрыс-ақ.

Бірақ бізді мына бір жайт алаңдатып отыр.

1917 жылғы ІІ жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы жиынынан соң, елді бүліншіліктен қорғау үшін жер-жерде әскерге жігіт жинау ісі басталды. Міржақып Дулатұлы жанында атақты заңгер Айдархан Тұрлыбайұлы бар екеуі Қызылжар маңындағы Аққұсақ деген жерде (Әлти қажы Барлыбай баласының қонысы) төтенше жиын ашады. 1918 жылғы шілдеде өткен бұл жиында ел-жұртқа Алаш идеясы түсіндіріліп, халықты қорғау туралы сөз болады.

107 жыл өткенде осы аумаққа (Жамбыл ауданының Петровка ауылының маңы) мемлекеттік бюджетке қол салмай, жекелеген кәсіпкерлердің, онда да Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарының (Нағашыбай Барлыбаев, Ерлан Сатыбалдиевтердің) көмегімен мемориалдық кешен тұрғызылады.

Қазіргі заманғы инженерлік-архитектуралық талаптарға сай жасалған, биіктігі 28 метр болатын еңселі ескерткіш 27 қыркүйекте ашылуы тиіс болған, уақыт жақындағанда ұйымдастырушылар қасақана қиратылған, бүлінген күйіне тап болады.

Жаға ұстатар бұл сорақылықты кім жасады? Вандализммен жақсы дүниені бүлдіргендердің ойында не бар?

Кешенді жасаушылардың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі техника, крандар, жұмысшылар жіберіп, кешенді талқандауды бастаған. Ұшар басындағы қыранның символдық бейнесін, айналасындағы шам бағандарын, мемориалдық тақтаны сындырып, бұзып кетеді.

Не үшін? Қандай мақсатта орындалды?

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен оның айтқанын екі етпейтін орынбасары Жүсіп Жұмағұлов басқаратын әкімдіктің ойынша, «Алаш» партиясына, Алаш Орда үкіметіне және оның көсемдеріне 28 метрлік мұндай керемет ескерткіш орнатуға болмайды-мыс. Солтүстік Қазақстан Газеті рас па? Олар нұсқау жоғары жақтан келді деп ақталуы да мүмкін.

Кешенді толық қиратуға дәттері жетпеген сияқты. Алаштың асыл азаматтарының азиз рухы басты ма, әлде өзге бір себеп бар ма, облыс атқамінерлері мүлдем жойып жібере алмапты.

Енді не болмақ?

Мұқым қазақ елінің алдында қарабет болмайын десе, облыс әкімдігі жіберген кемшілікті түзеп, ескерткішті қалпына келтіруі тиіс. Кешеннің ашылуын дұрыстап ұйымдастырып, ел-жұртқа паш етіп, Міржақып Дулатұлындай ұлы қайраткерге лайықты құрмет пен тағзымды іске асыруы керек. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі не дейсіздер?

Бұл кешен тек Міржақыпқа ғана қатысты емес, осы өлкеге ғана тиесілі емес, Әлихан, Ахмет, Жаһанша, Мұхамеджан, Смағұл сынды тау тұлғаларға құрмет деп есептеледі. Бұл жер Қазақстанның сакральды картасына кіргенін жаза кетейік.

Құрметті достар! Бұл жағдайға бей-жай қарамайық. Облыс әкімдігі иек астындағы қыста ұмыттырып, жылы жауып қоя салмақшы. Пікір жазыңыз, талқылаңыз, репост жасап таратыңыз, қоғамдық резонанс керек!

Мемориалдық кешен. Фото: Заңғар Кәрімхан Facebook парақшасынан алынды.
Мемориалдық кешен. Фото: Заңғар Кәрімхан Facebook парақшасынан алынды.
Мемориалдық кешен. Фото: Заңғар Кәрімхан Facebook парақшасынан алынды.