Logo
Іздеу
Айдарлар

Мәжіліс дәрігерлерге жасалған шабуыл үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді мақұлдады

/
Мәжіліс дәрігерлерге жасалған шабуыл үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді мақұлдады
Сурет: ЖИ

2025 жылғы 26 қарашада өткен пленарлық отырыста Мәжіліс депутаттары медицина қызметкерлеріне физикалық күш қолдану мен қатыгездік танытқандарға жазаны күшейтуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл норма «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қылмыстық-процестік кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасында қарастырылған. Құжаттың негізгі жаңалықтарын депутат Асхат Аймағамбетов таныстырды.

Алдымен ол дәрігерлерге жасалған бірнеше шабуылдан мысал келтірді.

«Қостанай қаласы. Тәжірибелі уролог науқастарды қабылдап отыр. Кенеттен төбелес басталып, оған шабуыл жасалады. Салдары өте ауыр: дәрігердің бас сүйегі сынып, миында гематома пайда болған, ауыр жарақаттар алған. Төрт ай бойы жұмыс істей алмай қалды. Бір қарағанда тек бір адам зардап шеккендей көрінеді. Бірақ сандарға назар аударайық. Төрт айда бұл маман 960 адамды емдей алатын еді. Ойлаңыздаршы: шамамен мыңға жуық азамат дер кезінде білікті көмек ала алмады, бірінің ауруы асқынып, біріне уақытылы ота жасалмады. Яғни бір дәрігерді соққыға жығу – іс жүзінде мыңдаған қазақстандықты емсіз қалдыру деген сөз», – деді ол түзетулердің қажеттілігін түсіндіріп.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, соңғы бес жылда медицина қызметкерлеріне жасалған 280 шабуыл тіркелген. Ал шын мәніндегі көрсеткіш, Аймағамбетовтің айтуынша, кемінде он есе көп болуы мүмкін.

«Бүгінде медицина қызметкерлері шабуыл туралы көп хабарламайды, себебі өздерінің қорғалатынына сенбейді, ал дәрігерлер уақытын тергеуге жұмсаудан гөрі жұмысына арнағанды дұрыс көреді», – деп қосты депутат.