Logo
Іздеу
Айдарлар

Бітімге шақыру – көпвекторлы саясаттың негізі

/
Бітімге шақыру – көпвекторлы саясаттың негізі
Сурет: Ақорда

Қазіргідей алмағайып заманда әрі әлемді үшінші дүниежүзілік соғыс елесі кезіп жүрген шақты Қазақстанның халықаралық дипломатия мен сыртқы саясатта көпвекторлы бағыт ұстануы шын мәнінде ең тиімді жолы екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Мәселен, Газадағы және Украина мен Ресей арасындағы соғыста Қазақстан өзінің көпвекторлы саяси бағытын ұстанып, тараптарды үнемі бітімге шақырып, қантөгісті тоқтатудың жолы келіссөздер екенін халықаралық аренада үздіксіз көтеріп, айтып келеді.

Тараптардың ешқайсысына бүйрек бұрмай, бәрімен тең қатынаста теңгерімді көпвекторлы саясат жүргізу шындығында өте қиын. Соның бір дәлелі ретінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы маусымда Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Ресей президенті Путинге Қазақстан Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарының "тәуелсіздігін мойындамайтынын" ашық мәлімдеуі еді. Сөйтіп, әлем Қазақстанның позициясын анық білді. Әрі Ресеймен де, Украинамен де Қазақстанның сыртқы және экономикалық байланыстары бұзылған жоқ, қажетті деңгейде дамып отыр.

Сондай-ақ ресми Астана түрлі деңгейдегі келіссөздерді Қазақстан ортақ диалог алаңына есепті өткізу дайын екенін де ашық айтып келеді. Айтып қана қоймай, көптеген ірі халықаралық және аймақтық кездесулердің де ордасына айналып отырғаны мәлім.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның көпвекторлы ұстанымы қазіргі заманғы қауіп-қатердің алдын алу, кикілжіңдерді болдырмау, қақтығыстарға жол бермей, кез келген мәселені бітіммен, келіссөзбен шешу ең абзал әрі ұтымды, қауіпсіз жол екенін дәлелдеп отыр.