Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 28 қарашадағы брифингте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) табыстылығын арттыру жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сүлейменов БЖЗҚ табысы расымен инфляциядан төмен екенін мойындады.
"Бұл – шындық. Депозиттердің ұзақмерзімді өтімділігін қамтамасыз ету үшін біз валюталық құралдардың үлесін 40%-ға дейін ұлғайттық. БЖЗҚ бүгінде валюта бағамының өзгерісіне өте сезімтал. Бағам өскенде, валюталық портфельдің сол 40%-ы да бірге өседі. Бұл – қайта бағалау. Біз бұл активтерді сатып жатқан жоқпыз. Олар есепті күні курс 540 болса, соған, 520 болса – соған көбейіп, тиісінше плюс не минус көрсетеді", – деді ол.
Оның айтуынша, Ұлттық банк алдында БЖЗҚ табыстылығын арттыру міндеті тұр. Сондықтан валюталық үлесті өсіруге қоса, 2025–2026 жылдары жоғары табысты баламалы құралдар портфелін кеңейту жоспарланған.
"Меніңше, мұнда екі қарама-қарсы фактор бар: тәуекел және табыс. Егер ұзақ мерзімде жоғары табыс алғымыз келсе, тәуекелге барып, тәуекелі жоғары құралдарға инвестициялау керек. Ал өте тұрақты, бірақ төмен табыс қажет болса, ол тіпті инфляцияны да жеңбеуі мүмкін, онда дамыған елдердің облигацияларына салу керек. Онда ешкім күйреп, нарықтан шығып кетпейді, бірақ табысы 3–4% қана. Инвестициялық басқарушы үнемі осы тепе-теңдікті іздейді", – деді Ұлттық банк басшысы.