22 жастағы алматылық Руслан Кебиров Ресей арқылы Донецк пен Луганск аймақтарына барып, соғысқа «Вагнер» жауынгерлік тобының құрамында қатысқысы келген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол «ВКонтакте» желісіндегі «Вакансии ЧВК Wagner» тобынан анкета толтырып, кейін WhatsApp арқылы Валерия Владимировна есімді әйелмен сөйлескен. Оған медициналық тексерістен кейін оқу бағдарламасынан өтіп, 2,3 млн рубль бірден, әрі айына 210 мың рубль төленеді деп уәде етілген. Тіпті ақша болмағандықтан, жолға билетін де жіберген.
Алайда Кебиров пойызда жүрген жерінен ҰҚК қызметкерлері тарапынан ұсталды. Оған ҚР ҚК-нің 172-бабы бойынша — шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысуға әрекеттену айыбы тағылған.
Сот-психиатриялық сараптама оның психикалық ауруы бар екенін, әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтынын анықтады. Сол себепті сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, істі тоқтатты. Бірақ Руслан психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Түрмеге жабылмайды, алайда тұрақты дәрігер бақылауында болады.