«Мұның бәрі азғындықтың кесірі!», дейді gulnara.blogger деген атпен танылған блогер мүмкіндігі шектеулі балалар санының артуын. Ол өз видеосында аутизм, онкология және басқа да балалар аурулары — «ата-анасының бұзылған өмір салты үшін жаза» деген пікір айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл даулы мәлімдеме қоғамда үлкен қарсы реакция тудырды. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары, заңгерлер мен құқық қорғаушылар оны жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Блогердің ойынша, «рухани заңдылыққа» сәйкес «дұрыс өмір сүрмеген» әйелдерде патологиясы бар балалар дүниеге келеді. Ол өз «бақылаулары» мен естігендеріне сүйене отырып, ойына келгенін ашық айтқан. Ал, аутизмі бар балалардың аналары бұл сөздерді адамдық қадір-қасиетті қорлау деп атады.
Сын қарқыны күшейгеннен кейін блогер видеоны өшірді, бірақ кейінірек ұқсас мазмұндағы жаңа видео жариялады. Оның үзінділері желіге тарап кетті.
Бұл жағдайға балалар омбудсмені де жауап қатып, полицияға жүгінді:
«Дискриминацияға жол берілмейді. Қорлау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», — деді Динара Закиева.
Шағым түсірушілердің бірі блогер Перизат Көшкімбаева, ол ерекше балалардың аналары атынан ұжымдық арыз дайындалып жатқанын айтты.
«Бұл — жай пікір емес. Бұл — қылмыстық іс. Қорлау, кемсітушілік, жала. Біздің балаларымызды ешкім қорлауға құқылы емес», — деп атап өтті ол.
Бұған дейін Алматыда полиция блогер Райхан Жұмамуратоваға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Оның ойынша, «аутизмі бар балалар емделмесе, оларды өлтіру керек». Қазір әйелге қатысты зорлық-зомбылықты насихаттау және өшпенділік тудыру бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.