Logo
Іздеу
Айдарлар

КҚК-ға жасалған шабуыл Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді

/
КҚК-ға жасалған шабуыл Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді
Коллаж: Arasha.kz

Каспий құбыр консорциумының (КҚК) үш теңіздік айлағының бірі — ВПУ-2 украиналық теңіз дрондарының шабуылынан кейін істен шықты. Бұл құбыр жүйесі Қазақстан экспорттайтын мұнайдың шамамен 80 пайызын тасымалдайды, деп хабарлайды Arasha.kz.

КҚК мәліметінше, 29 қарашаға қараған түні жасалған «мақсатты террористік шабуыл» салдарынан ВПУ-2 айтарлықтай зақымданған. Терминалда жүк тиеу тоқтатылып, танкерлер қауіпсіз аймаққа әкетілді. Зардап шеккендер жоқ. Қорғаныс жүйесі дер кезінде іске қосылып, құбырлар жабылғандықтан, Қара теңізге мұнай төгілмеген. Операциялық тұрғыда ВПУ-2-ні пайдалануды жалғастыру мүмкін емес, деп жазды Exclusive.kz.

Қазақстан Энергетика министрлігі бұл әрекетті «азаматтық инфрақұрылымға жасалған қолайсыз шабуыл» деп атап, оның жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін мәлімдеді. Министрлік шұғыл түрде экспорттық көлемнің бір бөлігін балама бағыттарға — «Атырау–Самара» және «Баку–Тбилиси–Джейхан» жүйелеріне — қайта бағыттау жоспарын іске қосты. Алайда бұл бағыттардың қуаты КҚК көлемін толық жаба алмайды.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де КҚК-ға жасалған кезекті шабуылға байланысты «наразылық» білдірді. Ведомство мұндай әрекеттер екіжақты қатынасқа нұқсан келтіретінін айтып, Украинадан мұндай оқиғаларды болдырмау бойынша шаралар күтетінін жеткізді. Ал украиналық тарап Reuters агенттігіне берген түсіндірмесінде, шабуылдардың Қазақстанға қарсы бағытталмағанын және Ресейдің «агрессиясына жауап» екенін айтты.

Мұнай ағыны қалай өзгереді

Сарапшы Асқар Исмаиловтың айтуынша, ВПУ-2-нің істен шығуы КҚК -ның өткізу қабілетін 30–40 пайызға дейін төмендетуі мүмкін. Айлақты жөндеу жұмыстары геосаяси жағдайды ескергенде 3–6 айға созылуы ықтимал. Қысқа мерзімде мұнай терминалындағы уақытша тоқтау Атырауда мұнай қорының жиналуына және жеткізілімдердің кешігуіне әкелуі мүмкін. Алайда толық тоқтап қалу қаупі жоқ, себебі кен орындарында резервтік жүйелер бар.

Экономикалық әсері

Қазақстан экономикасы мұнай экспортынан қатты тәуелді: мұнай жалпы экспорттың 60 пайызын, ЖІӨ-нің 20–25 пайызын құрайды. КҚК арқылы жылына 55–60 млн тонна қазақстандық мұнай экспортталады. Исмаиловтың есептеуінше, қазіргі тоқтау бюджетке қараша–желтоқсан айларында 100–200 млн доллар шығын әкелуі мүмкін. Егер жөндеу ұзаққа созылса, жылдық шығын 500–600 млн долларға дейін жетеді.

Баку бағыты КҚК-дан үш есе қымбат, сондықтан логистикалық шығындар да өседі. Мұнай бағасының 2–5 доллар шамасында қымбаттауы шығынды аздап өтейді, бірақ толық компенсация жасамайды. Теңге бағамының құбылуы да күшейеді. Атырау және Маңғыстау облыстарында өндірістің баяулауы әлеуметтік салдарға әкелуі мүмкін.

Қауіп күшейіп барады

2025 жылы бұл КҚК нысандарына жасалған үшінші шабуыл: ақпанда — «Кропоткин» станциясы, қыркүйекте — Новороссийскідегі кеңсе, қарашада — ВПУ-2. Сарапшы жағдайды қысқа мерзімде пессимистік деп бағалайды. Бірақ КҚК-ның акционерлері арасында АҚШ, Еуропа және Ресей бар болғандықтан, нысандарды қалпына келтіруге инвестициялар салынады деп күтеді.

Стратегиялық хранилищелер мәселесі

2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда ірі мұнай қоймасын салу мәселесін қарауды тапсырған. Алайда Энергетика министрлігі мұндай хранилищелердің қымбаттығын алға тартып, оны экономикалық тұрғыда тиімсіз деп бағалаған. Министрлік тек 1–2 апталық қор сақтайтын қойма салу мүмкін екенін айтқан.

КМГ есептеуінше, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ өрістерінің өндірісін тоқтатпау үшін кемінде 700 мың тонна мұнай сақтайтын хранилище қажет. Оның құрылысы шамамен 1 млрд долларды құрайды.

Қазіргі жағдай

Chevron компаниясы ТШО мұнайын Новороссийск портына тиеу жалғасып жатқанын хабарлады. КҚК-ның акционерлері: Ресей — 31%, Қазақстан — 20,75%, Chevron — 15%, Лукойл — 12,5%, ExxonMobil — 7,5%, Shell — 7,5%, «Роснефть» — 3,75%, Eni — 2%.