Logo
Іздеу
Айдарлар

Үш ай жалақы алмаған мұғалімдер наразылыққа шықты

/
Үш ай жалақы алмаған мұғалімдер наразылыққа шықты
Сурет: видеодан скрин

Түркістан облысында жекеменшік мектеп қызметкерлері жаппай наразылық акциясын өткізіп, әкімдік алдына жиналды. Арасында мұғалімдер ғана емес, күзетшілер, аспаздар, тіпті мектептің құрылтайшылары да бар. Олардың барлығы бір сұрақтың жауабын білгісі келеді: бюджеттен қаржы бөлінеме, жоқ па?

Сарыағаш қаласының мұғалімі Гүлжан Тәшімбетованың айтуынша, ол жаңа оқу жылынан бері тегін жұмыс істеп жүр.

«Көпбалалы анамын, екі студентім бар. Бәрі қымбат. Амалсыз кредит аламыз», — дейді ол.

Оның сөзін әріптестері де қолдайды. Аспаздар, еден жуушылар, күзетшілер — бәрі жалақыдан жалақыға дейін күнелтіп отыр. Тіпті мектеп басшыларының өзі жағдайға наразы.

«Әкімдікке жүгіндік, білім бөлімі басшысының орынбасарына дейін бардық. „Бір аптада шешім шығады“ дейді. Бірақ айлап нәтиже жоқ. Егер бізді қысқартса, қайда барамыз?» — деп ашынады мектеп аспазы Үлжалғас Мелдеева.

Жаздан бері орталық бюджеттен жекеменшік ұйымдарға ақша түспей қалған. Бұған қаржыны бөлу жүйесінің өзгеруі себеп. Жергілікті билік жаңа жүйені әлі толық игермеген.

«Биылдан бастап қаржыландыру жүйесі өзгерді. Енді қаражат облыстық бюджет пен білім басқармасы арқылы өтеді. Қазір инвентаризация жүргізіліп, құжаттар рәсімделіп жатыр», — деп түсіндірді Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев.

Құжаттар реттелмейінше, Түркістан облысындағы мұғалімдер мен мектептің басқа да қызметкерлері амалсыз тегін жұмыс істеп жатыр. Өңірде шамамен 200 жекеменшік мектеп бар.