Украина Президенті Владимир Зеленский мәлімдегендей, бүгін украин делегациясы АҚШ-та Дональд Трамп командасымен келіссөздерін жалғастырады. Негізгі міндеті – АҚШ Президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Мәскеуде Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесуі барысында айтылғандарды анықтау, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұрын хабарланғандай, Уиткофф, Кушнер және Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі хатшысы Рустем Умеров кездесуі Майамиде өтеді.
«Біздің қазіргі міндетіміз – Ресейдегі келіссөздерде не айтылғанын толық білу, Путин соғысты ұзарту және Украинаға, бізге, тәуелсіздігімізге қысым көрсету үшін қандай себептер тапқанын анықтау», — деді Зеленский.
«Украина кез келген даму сценарийіне дайын. Әрине, біз барлық серіктестерімізбен барынша конструктивті жұмыс істейтін боламыз, мақсатымыз – бейбітшілік орнату және бұл бейбітшіліктің лайықты болуы. Тек лайықты бейбітшілік шынайы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді», — деп қосты Украина көшбасшысы.