Logo
Іздеу
Айдарлар

Өзбекстанмен шекарада астық тиеген мыңдаған вагон қаңтарылып тұр

/
Өзбекстанмен шекарада астық тиеген мыңдаған вагон қаңтарылып тұр
Сурет: видеодан скрин

Орталық Азияға жөнелтілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты бөгеліп, теміржол станцияларында 5 мыңнан астам астық тиелген вагон қаңтарылып қалды. Кейбірі алты тәулікке дейін кезек күткен. Қауіпсіздік күшейтіліп, қосымша күзет қызметі тартылған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Дарбаза станциясының бастығы Ғабит Сүйіновтің айтуынша, Сарыағаш станциясы пойыздарды қабылдай алмай жатқандықтан, барлық жүк Дарбазаға тоқтатылып жатыр. Қазір мұнда 250-ге жуық вагон тұр. Теміржолшылар өз күштерімен күзет қойып, транзиттік жүктерді бақылауда ұстап отыр, деп мәлімдеді 24KZ телеарнасы.

Жалпы, аймақта 11 мыңнан астам вагонның қозғалыс кестесі бұзылған. Мәселенің түпкі себебі – Өзбекстанның жүк пойыздарын қабылдау мүмкіндігінің шектелуі. Талдаудан кейін көрші елмен келіссөздер жүргізіліп, жағдайды реттеу жұмыстары басталған. Оның үстіне биыл астық экспорты қатты артқан – 4,5 млн тоннаға дейін жеткен.

ҚТЖ Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нұрдәулет Байғазиев Өзбекстан темір жолына жүктемені жеңілдету үшін Қазақстан тарапынан көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Қазақстан Өзбекстанға жеті локомотив жалға берген.

Сарыағаш станциясында бақылау жүйесі жаңартылып, кедендік декларациялау уақыты 6 сағаттан 3 сағатқа дейін қысқарған. Мамандардың сөзінше, бұл транзиттік тасымалда мерзімді сақтауға мүмкіндік береді.

Дегенмен сала мамандары кедергілер жыл сайын қайталанатынын, инфрақұрылымды жаңартпайынша мәселе шешілмейтінін айтады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа теміржол желісі салынып жатыр. Ол іске қосылса, Сарыағаш станциясының жүктемесін 40 пайызға дейін азайтады.

Мәжіліс депутаттары саланы толық цифрландыруды ұсынады. Юлия Кучинскаяның айтуынша, нақты әрі тұрақты ережелер енгізіп, жүк айналымын басқаруға арналған цифрлық құралдарды пайдалану қажет. Бұл тасымалдағы ашықтық пен қауіпсіздікті арттырмақ.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы логистиканы жетілдіру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Ал мамандардың болжамынша, өңірдегі ахуал алдағы күндері тұрақты режимге келеді.