Logo
Іздеу
Айдарлар

"Жағдайды ушықтырып барады": Физика, химия, биологияны біріктіріп оқыту керек пе?

/
"Жағдайды ушықтырып барады": Физика, химия, биологияны біріктіріп оқыту керек пе?
Maskot / Getty Images

Мәжіліс депутаты, бұрынғы математика пәнінің мұғалімі Мұрат Әбенов 2026-2027 оқу жылынан бастап енгізілмек болған жаңа мектеп реформасын қатаң сынға алды. Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі физика, химия және биология пәндерін "жаратылыстану" деген бір пәнге біріктірмек болған, ал алгебра мен геометрия "математика" болып оқытылуы тиіс еді, деп жазады Arasha.kz.

Мұрат Әбеновтің пікірінше, мұндай реформа оқушылардың жаратылыстану-математика бағытындағы дайындық сапасын толықтай құлдыратады. Ол 2022 жылы физика, химия және биология сағаттарының аптасына 6-дан 5-ке қысқарғанын еске салды. Нәтижесінде оқу бағдарламасынан маңызды тақырыптар алынып тасталды, лабораториялық жұмыстар мүлдем жоғалды.

"Мен мемлекеттік гранттарды бөлу комиссиясында 5 жыл жұмыс істеп келемін. Техникалық мамандықтарға бала бармайды. Себебі жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша білім әлсіз. Бірақ білім жүйесі қателіктерді түзетудің орнына, керісінше жағдайды ушықтыруда", – дейді ол.

Депутаттың айтуынша, реформаны Назарбаев Зияткерлік мектептері (NIS) мен Назарбаев Университетінің өкілдері дайындаған. Алайда олар ешқашан қарапайым мектепте жұмыс істемеген. Онда жағдай мүлде басқа: оқушылар толық күн оқиды, мұғалімдер екі ауысымда жұмыс істейді, қымбат зертханалық жабдықтар бар. Ал елдегі 8 мыңнан аса қарапайым мектепте бұл мүмкіндіктер жоқ.

Әбеновтің есептеуінше, реформа қабылданса, оқулықтарды қайта жазу қажет, 100 мың мұғалімді қайта оқыту керек, шамамен 20 мың педагогтің жүктемесі қысқарады немесе олар жұмыстан кетеді, ҰБТ форматы мен ЖОО бағдарламаларын өзгерту қажет болады.

"Жаңа министрмен сөйлестім. Бұл асығыс және ойластырылмаған реформа. НЗМ-нен келген бірнеше теоретик өз бағдарламаларын таңып отыр. Мен олардың мұны тегін істемейтініне сенімдімін: қолдарында НЗМ-ге арнап жазылған жеке оқулықтар, мұғалімдерді қайта даярлау курстары дайын тұр. Тіпті онлайн сабақтар ұсынып, соның ақшасын жеке қалталарына түсірмек пе деген күдік бар", – деді депутат.