Ресей жақын арада Халықаралық ғарыш станциясына адам да, жүк те жеткізе алмауы мүмкін. Бұған Байқоңырдағы №31 старт алаңында болған оқыс жағдай себеп болды. "Союз" ракетасын ұшыруға арналған қызмет көрсету кабинасы газ шығатын шахтаға құлап түскен еді, сондықтан бұл құрылғысыз ракетаның қозғалтқыштарын іске қосу мүмкін емес, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ресейлік басылымдардың жазуынша, қызмет көрсету кабинасы – ракетаға қажетті арнайы тетіктерді орнататын көп деңгейлі құрылым. Ол болмаса, "Союз" да, жүк таситын "Прогресс" кемелері де ұшпайды. Сондықтан 2025 жылдың желтоқсанына жоспарланған "Прогресс" жүк кемесінің ұшуы кейінге қалды.
Проблема шешілгенше, станцияны тек АҚШ тарапынан жіберілетін кемелер қамтамасыз етеді. Ресейдегі басқа старт алаңдары адам тасуға әлі дайын емес, оларды дайындау №31 кешенін жөндеуден де ұзақ уақыт алады.
"Роскосмос" бұл техникалық ақау жөнделетінін, қажетті бөлшектердің бар екенін айтты, бірақ та нақты мерзімін айтпады. Бұған бірнеше себеп бар:
1. Мұндай жағдай бұрын болмаған. Бұрын-соңды қызмет көрсету кабинасы дәл бұлай қирап қалмаған. 2018 жылы бір жерде тек қорғаныш қақпағы ұшып кеткен, оны тез арада түзеп қойған еді. Ал тұтас кабинаны жасау – өте ауыр жұмыс.
2. Кабина – ескі үлгіде құрастырылған, бұл модель қазір шығарылмайды. Бұл құрылғы Р-7 баллистикалық ракета дәуірінен қалған. Ол техника да, оның бөлшектері де қазір өндірілмейді. Қажетті материалдар мен тетіктер қазір мүлде қолданылмайды.
3. Бұл SpaceX емес – бюрократия көп. Илон Масктың компаниясы бөлшекті бірнеше аптада құрастыра алады. Ал Ресейде мемлекеттік конкурс жарияланып, құжат дайындап, келісімшарт рәсімдеуі керек. Құжат дайындаудың өзі бірнеше айға созылуы мүмкін.
Ресей XXI ғасырда алғаш рет ғарышқа экипаж жіберу мүмкіндігінен айырылып отыр. Енді Халықаралық ғарыш станциясы толықтай АҚШ жіберетін кемелермен қамтылады. Сондай-ақ Ресейдің ғарыш саласындағы мүмкіндігі мен тәуелсіздігіне үлкен соққы тиді. Сарапшылардың айтуынша, бұл қиындық бірнеше айға емес, бірнеше жылдарға созылуы мүмкін.