Logo
Іздеу
Айдарлар

Димаш Құдайберген БҰҰ-ның Жақсы ниет елшісі болып тағайындалды

/
Димаш Құдайберген БҰҰ-ның Жақсы ниет елшісі болып тағайындалды
Сурет: видеодан скрин

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) тағайындайтын жаһандық Жақсы ниет елшісі атанды. Бұл туралы ұйымның Instagram-парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Arasha.kz.

«ХКҰ өнерпаз әрі гуманитарлық жобалардың белсенді қолдаушысы Димаш Құдайбергенді біздің жаңа Жақсы ниет елшісі ретінде тағайындағанын зор қуанышпен хабарлайды. Оның дауысымен де, қызметімен де әлемдегі дағдарыстан зардап шеккен адамдардың абыройын, жасампаздығын және әртүрлілігін паш етіп келеді», – делінген ұйым мәлімдемесінде.

DimashNews порталының жазуынша, өткен жылдан бері Димаш ХКҰ-ның аймақтық Жақсы ниет елшісі болып қызмет атқарып келген. Өзінің жаһандық аудиториясын пайдалана отырып, ол мигранттар мәселесіне назар аудартып, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етіп, қайырымдылық жобаларына атсалысып жүр.

8 желтоқсанда Женевада өткен ХКҰ кеңесінің отырысында Димаш мүше мемлекеттердің делегациялары мен ұйым қызметкерлері алдында сөз сөйледі.

«ХКҰ Димаштың “Stranger” әлемдік турнеі кезінде ұйым миссиясын белсенді қолдап, қоныс аударған және осал қауымдастықтармен ынтымақтастық рухын кеңінен насихаттағаны үшін алғыс білдіреді», – деп жазылған хабарламада.

Әнші кеңес отырысында жасаған өз сөзінде:

«ХКҰ-мен жұмыс істеу – менің өмірім мен шығармашылығымдағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Әрбір кампания, әрбір бастама, әрбір әңгімеде осы ұйымның белгісіздікке, көшуге және қиындықтарға тап болған адамдарға қандай зор әсер ететінін көріп келемін.

Жаһандық Жақсы ниет елшісі атағын алу – орасан мәртебе. Бұл сенімді үлкен жауапкершілікпен қабылдаймын.

Жаһандық елші ретінде мигранттардың құқықтарын қорғауды, қауіпсіз көші-қон туралы ақпаратты кеңінен жеткізуді жалғастырамын. Инклюзивтілік пен тұрақтылық қағидаттарын ілгерілетуді жалғастырамын. Сондай-ақ, төтенше жағдайларға ден қою мен қаражат жинау бағытындағы сіздердің жұмыстарыңызды қолдауды жалғастырамын», – деді.

Айта кетейік, кеше Алматыда Димаш туралы үш тілде жазылған кітап жарық көрді.