Logo
Іздеу
Айдарлар

Түркістан облысында медициналық жабдық сатып алу кезінде 115 млн теңге ұрланған

/
Түркістан облысында медициналық жабдық сатып алу кезінде 115 млн теңге ұрланған
Сурет: Рixabay

ҚМА-ның Түркістан облысы бойынша департаменті медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде бюджет қаржысын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тергеу нұсқасына сәйкес, «Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы» МКК-ның бұрынғы бас дәрігері медициналық газ жүйесіне арналған құрылғыларды сатып алу кезінде лоттарды әдейі бірнеше бөлікке бөліп, әр бөлекке жеке келісімшарттар рәсімдеу арқылы сатып алуды ұйымдастырған.

«Бұл схемаға ол медициналық өнімдер жеткізу саласын жақсы білетін танысын да тартқан. Ол өз кезегінде өзінің туыстары мен таныстарының атына рәсімделген бірқатар компанияларды пайдаланып, шамадан тыс жоғары бағамен коммерциялық ұсыныстар дайындаған. Нақты жеткізуді басқа фирма атқарғанына қарамастан, құжаттар — келісімшарттар мен қабылдау актілері — аталған бақылауындағы компаниялар арқылы рәсімделген», - деп хабарлады ҚМА.

Ауруханадан осы фирмалардың есепшотына ақша түскен соң, күдіктілер қаржыны қолма-қол шешіп, өзара бөлісіп алғаны айтылды.

Мемлекетке келген залал көлемі 115 млн теңгеге бағалануда.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық жолмен табылған ақшаға күдікті Астанадан екі бөлмелі пәтер сатып алған. Сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды.

Бұрынғы бас дәрігерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылса, оның сыбайласы үй қамаққа алынған.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайды.