Папамды мамамнан да қатты жақсы көрдім. Айтысқа кетіп бара жатса, аяғына оралып, жылап жібермейтінмін. Ол да мені қатты еркелететін. Бес жасымда мектепке бергісі келді. Мамам "Әлі ертерек қой. Бойы да кішкентай, сумка көтере алмайды" деп әзер көндірді. Бірақ келесі жылы бірінші сыныпқа барғанымды көрмей, дүниеден озып кетті. Кейін әріп танып, компьютер үйренгеннен кейін мамама папамның айтыстарын қағазға түсіруге біраз көмектестім.
Мамам өмірінің соңына дейін асығыс жүрді. Қайда барса да асығып барып, асығып қайтатын. Барлық тірлігін лезде бітіргісі келген сияқты. Көп уақытын өз отбасына арнады. Туған күндерінде достарын шақырып, тойлатып жатпайтын. Тек отбасына лайықтап, шағын дастарқан жасайтын. Сырттағы жұмыстарын тез-тез бітіріп, үйге жеткенше асығатын.
Нұрсұлтан екеуміз көбіне мектеп-интернатта болдық. Інім Ерқанатты кішкентай болғандықтан ба, көп еркелетті. Ерқанат алты айлығынан машинада өсті. Жанына отырғызып қойып, әрі-бері тасып, тойға барса да қасынан тастамайтын.
Қайтыс болатынынан бір күн бұрын үйде болдық. Күн демалыс еді. Бәріміз бірге отырғанда мамам "Кетуім керек. Тойға шақырып жатыр" деді. Бірақ өзі жолға шыққысы келген жоқ. "Бармай-ақ қояйын ба, не істесем екен?" деп ойланып отырғанда, алып кететін көлік келіп қалды. Маған "Ерқанат кетіп бара жатқанымды көріп жыламасын, дүкенге апарып, анау-мынау әперіп, алдай тұр" деді. Ерқанат қырсығып, "мамаммен бірге барамын" деп тұрып алды. Сосын "онда арттарыңнан келемін, сендер жүре беріңдер" деп маған ақша ұстатты. Сөйтіп, дүкенге барып, керегімізді алдық. Үйге қайтып барсақ, Ерқанат мамамның жоғын біліп қойып, жылар деп, әпкемді шақырып, әрі қарай саябаққа кетіп қалдық. Біз саябақта жүргенде мамам қайта-қайта телефон шалды. Әрбір бес минут сайын "Не істеп жатырсыңдар. Ерқанат жылап жатқан жоқ па, тамақ бердіңдер ме?" деп қадағалаумен болды. Әпкем арасында "маған сенбейсің бе?" деп ренжіді. Кешкісін "таң ата келіп қаламын" деп тағы хабарласты. Таңертең тұрсақ, ешкім жоқ. Кешігіп жатқан болар деп сабаққа кетіп қалдық. Сәлден кейін директорымыз Ақан ағай мен Абзал ағай екеуі бізді үйге алып келді. Не себепті әкеле жатқанын білмедік. Тек "үйлеріңді тексеруге келе жатырмыз" деді. Бірақ біртүрлі күдіктендім. Жүрегім жаманшылық сезгендей болды. "Директор үйді не үшін тексереді? Мұғалімдер балалардың үйін тексеруші ме еді?" деп ойладым. Не де болса, үйге барған соң білетін шығармын деп үндемедім. Әпкем алдымыздан жылап шыққанда бәрін түсіндім.
Мамамның қазасынан кейін ауылға кеттік.
Бірде түс көрдім. Папам, мамам, бәріміз бірге шай ішіп, сөйлесіп отырмыз. Інілерім көрінбейді. Ата-анамның не айтып жатқандары түсініксіз. Дауыстары еміс-еміс шығады. Сөйтіп, жатып оянып кеттім.
Естелік иесі Нұрайша Оразалықызы
(тыңдаған Қ.Байдәулет. 2012 жыл)
Серік Абас-Шахтың парақшасынан