Logo
Іздеу
Айдарлар

ШҚО-да ядролық қалдықтарды көметін тағы бір орын салынбақ

/
ШҚО-да ядролық қалдықтарды көметін тағы бір орын салынбақ
Сурет: ашық дереккөзден

9 желтоқсанда облыстық мәслихат Үлбі металлургия зауытына жаңа қатты радиоактивті қалдықтарды көму орнын (ҚРО) салуға рұқсат берді, деп хабарлайды Arasha.kz сайты YK-News.kz-ке сілтеме жасап.

«Облыстық мәслихаттың 9 желтоқсанда өткен кезекті сессиясында Үлбі металлургия зауытына жаңа қатты радиоактивті қалдықтар қоймасын салуға келісім берілді», – делінген хабарламада.

Жаңа нысан қолданыстағы хвостохранилищенің жанына орналастырылмақ. Бұған себеп – қазіргі көму алаңы 2026 жылдың 1 қазанына дейін толық толып, қайта жаңартылмаса, зауыттағы уран өндірісінің тоқтап қалу қаупі туындауы мүмкін.

Жоба мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып, экологиялық рұқсат пен ядролық қауіпсіздік жөніндегі мамандандырылған қорытындыға ие болды. Ол өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетімен, су ресурстары және ирригация министрлігімен, сондай-ақ Ертіс бассейндік инспекциясымен келісілген.

«Қазақстан Республикасының «Атом энергиясын пайдалану туралы» заңы бойынша ядролық нысандар мен көму орындарын салу туралы шешімді үкімет қабылдайды, бірақ тек жергілікті өкілді органдардың келісімімен. Облыстық мәслихат өз келісімін берді», – деп атап өтті басылым.

Мәселенің салмағы зор, себебі ядролық инфрақұрылымды кеңейту экология мен қауіпсіздік тұрғысынан ұдайы бақылауды қажет етеді.