Logo
Іздеу
Айдарлар

Желтоқсан: 90 күн тар камерада отырған қазақтың қайсар қызы Жансая Сәбитова

/
Желтоқсан: 90 күн тар камерада отырған қазақтың қайсар қызы Жансая Сәбитова

Желтоқсан көтерілісі – бір ұлттың намысы мен қайсарлығының биігі. Сол биікті өз өмірімен дәлелдеген тұлғалардың бірі – Жансая Сәбитова. Алматы облысы Балқаш ауданының Көкжиде ауылында дүниеге келген ол жас кезінен әділетсіздікке төзбейтін, ұлтының болашағына бейжай қарамайтын азамат болып қалыптасты. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы басталғанда Жансая алаңға халқымен бірге шықты. Оның бұл қадамы қарапайым қарсылық емес, кеңестік отарлық жүйенің қатал тәртібіне қарсы рухани бас көтеру болатын. Жансаяның батылдығы – сол күндері алаңға шыққан мыңдаған қазақ жастарының жігерін көрсететін символ.

Алайда бұл ерлік Жансаяға оңай тимеді. 29 желтоқсанда ол қылмыстық лагерьге жіберіліп, «стаканчик» деп аталатын тар камерада тоқсан күнін өткізді. Ұрып-соғу болмаса да, КГБ-ның психологиялық қысымы, өлмес азапқа бергісіз рухани сынақтар оның жүйкесін әбден қажытты. Архив деректерінде Жансаяның осы кезеңді: «Тоқсан рет таң атырып, тоқсан рет күн батырдым» деп сипаттауы – Желтоқсанның қасіреті мен қайраткердің ішкі қуатын қатар көрсететін ең ауыр куәлік. Ол азап алдында әлсіреген жоқ, керісінше, шыңдалды.

Түрмеден босап шыққаннан кейін де Жансая Сәбитова тарихтың әділ жазылуы үшін күресті тоқтатпады. Алматы қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары қоғамының төрайымы ретінде талай жыл бойы Желтоқсан ақиқатын зерттеуге, жазықсыз жандардың атын ақтауға еңбек сіңірді. Оның жеке тектік қоры – бүгінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұра. Бұл құжаттар ерлік пен азаптың, қайсарлық пен рухани биіктіктің шынайы шежіресі.

Жансая Сәбитованың тағдыры – Желтоқсанның өзі секілді. Бір күндік көтерілістің артында ғасырлық сарын, ал бір адамның азабының артында бір ұлттың аңсаған азаттығы жатыр.