Logo
Іздеу
Айдарлар

Батыс Қазақстандағы 12 ауылдың тұрғындары жолға шықты

/
Батыс Қазақстандағы 12 ауылдың тұрғындары жолға шықты
Сурет: «Уральская неделя»

9 желтоқсанда Қазталов ауданының 12 ауылынан жүзден астам тұрғын Жалпақтал – Көмекші жол учаскесіне жиналып, жолдың жағдайына және жөндеу жұмыстарының сапасына наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жолды жөндеу және күтіп ұстау бойынша мердігер — «SSS Group Stroi Group» ЖШС, Батыс Қазақстан облысының жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасымен «Алғай – Жалпақтал – Жұлдыз – Қарасу» жолының ағымдағы жөндеу және қызмет көрсету келісімшартына қол қойған, деп жазды «Уральская неделя» басылымы.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, мердігер жолды толық жөндемейді, жаңбыр мен қар еру кезінде жол жүргіншілер үшін жүруге жарамсыз болып қалады. Жұмыс тек жартылай жасалып, басқарма тарапынан толық орындалған сияқты ресми актілерге қол қойылады,  дейді Қазталов ауданының мәслихат депутаты Серікбол Кадемов.

Ең проблемалық учаскеге Қарасу, Жұлдыз, Ащысай, Бостандық, Көктерек, Оразғали, Саралжын, Сатыбалды, Жаңажол, Әбіш, Көмекші және Жалпақтал ауылдарының тұрғындары жиналды. Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов кездесуге келмегені тұрғындарды ашуландырған.

Депутат Қадемовтің айтуынша, биыл тамызда басқарма мердігер компаниямен қосымша келісімшартқа отырып, 63 млн теңгеге жолдың 2 километрін қатты материалмен төсеуді міндеттеген. Алайда, жергілікті тұрғындардың хабарлауынша, материал тек 1 километр жолға төселген, ал жағдай бұрынғыдан да нашарлаған.

Сертекаев есімді мердігердің бірнеше ЖШС арқылы облыстың түрлі аудандарында жолдарды күтіп ұстау келісімшарттарын алғаны және жалпы миллиард теңгеге жуық келісімшарттар жасағаны да атап өтілді.

2023 жылы облыс әкімі Нариман Төреғалиев мердігерлерге төлем жасау үшін ауыл әкімдерінің актілерін талап ететінін уәде еткен. Алайда мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған атқарылған жұмыстар актілерінде ауыл және аудан әкімдерінің қолдары жоқ, тек басқарманың орынбасары мен мердігердің қолдары бар. Жұмыс көлемі мен сапасына қатысты сұрақтарға басқарма мен мердігерлер нақты жауап бере алмады.

Тұрғындар жолдың 24 километрлік учаскесіне асфальтбетон жабындысын төсеу арқылы күрделі жөндеу жасау үшін нақты шешім қабылдауды талап етуде.

Батыс Қазақстан облысының жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Марат Қуанышалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан жолды күтіп ұстау жұмыстары тұрғындардың жол мәселесін толық шешпейді. Мердігер тек жолды күтіп ұстау — профилирлеу, белгілер орнату, қардан тазалау сияқты жұмыстарды жүргізіп жатыр. Ал күрделі жөндеу жобасы 2026-2027 жылдарға жоспарланған.