Мемлекет басшысы Қазақстанның Иранға 200 миллион доллардан астам құны бар тауар тасымалдауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
– Өзара тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді, алайда сауда-саттықты әртараптандыру қажет. Әсіресе ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс, медицина және озық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты күшейту маңызды. Бүгінгі қол қойылған құжаттар саяси және экономикалық байланысты дамытуға жаңа серпін береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Тегеранда Қазақстанның Сауда үйін ашу бастамасын қолдап, Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыру мен Қазақстан-Иран бірлескен сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуетін толық пайдалану маңызды екенін атап өтті.
Биылғы жылдың басынан бері Иран Қазақстан экономикасына 17,8 миллион доллар көлемінде тікелей инвестиция салған. Иран кәсіпкерлері Алматы облысында ірімшік зауыты, Батыс Қазақстан облысында мал терісін өңдеу комбинатын іске қосу сияқты жобаларды жүзеге асыруда. Қазақстан кәсіпкерлері де Иран нарығында бірнеше жобаны іске асыруда.
Тараптар Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізі мен Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолының әлеуетін арттыруға мүдделі екенін жеткізді. Биылғы 10 айда осы бағыттармен тасымалданған жүктің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 53 пайызға өскен.
Президенттер аймақаралық байланысты күшейту үшін көлік-транзит жолдарын әртараптандыру, Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын бірлесе дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары қаралды.