Logo
Іздеу
Айдарлар

«Зиратқа апарып, ұрып-соққан»: Атырауда блогер ісі бойынша сот басталды

/
«Зиратқа апарып, ұрып-соққан»: Атырауда блогер ісі бойынша сот басталды
Сурет: әлеуметтік желіден

Блогер Құралай Болатованың айтуынша, 3 қазан кешінде оның таныстары Айдана Ақмұрзиева мен Ақбота Нұғманова «әңгімелесейік» деп шақырып, көлікке отырғызған. Кейін олар оны қаладағы зиратқа алып барып, сол жерде ұрып, қорлаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бүгін осы оқиға бойынша сот процесі басталды. Іс ҚР ҚК-нің 108-бабы — «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша қаралып жатыр. Айыпталушылар — Айдана мен Ақбота.

«Мені алдап, апарып, ұрып-соқты. Мен үндемей қала алмаймын. Неге іс тек 108-баппен тергеліп жатыр? Мені еріксіз, адам жоқ жерге алып кетті — мұны неге адам ұрлау ретінде қарастырмайды? Заң бәріне бірдей болуы керек», — деген еді блогер бұған дейін.

Сотта жәбірленуші өзін еркінен тыс зиратқа апарғанын айтып, істі қайта саралауды талап етті.

Бұған дейін Атырау қалалық прокуратурасы Болатованың «күдіктілердің бірі — прокурор қызметкерінің туысы» деген мәлімдемесін жоққа шығарған болатын.