ІІМ адам саудасына қатысты бірнеше ауыр қылмыстың жолын кескендерін мәлімдеді. Полиция мәліметінше, барлығы 39 дерек анықталған, олардың алтауы кәмелетке толмағандарға қатысты болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Алматыда жаңа туған балаларды сату схемасына қатысы бар қылмыстық топ әшкереленді. Ұйымдастырушылар қиын жағдайда жүрген әйелдерді материалдық сыйақы үшін сәбиін бөтен адамдарға беруге мәжбүрлеген. Топ мүшелерінің барлығы ұсталды, 20-дан аса қылмыстық іс тергеліп жатыр. Күдіктілерге 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін», - деп хабарлады ІІМ интернет ресурсы.
Абай облысында азаматтарды мәжбүрлі еңбекке тарту фактілері анықталған. Бұл жағдайларға байланысты 11 қылмыстық іс қозғалып, материалдар сотқа жолдануда.
Түнгі ойын-сауық орындарын тексеру кезінде Шымкент, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында азаматтарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды қанаудың түрлі фактілері тоқтатылды.
Астанада полиция мен прокуратура теміржол вокзалы маңында рейд жүргізіп, адамдарды сексуалдық мақсатта пайдалануға арналған притондарды ұйымдастыру мен ұстауға қатысы бар сегіз адамды жауапкершілікке тартты.
«Ақмола облысында еркін жыныстық қатынастарды насихаттаған және отбасылық құндылықтардан бас тартуды уағыздаған діни топтың әрекеті тоқтатылды. Тінту барысында ритуалдық заттар мен діни әдебиеттер тәркіленді, тергеу жалғасуда», - деп мәлімдеді ІІМ.
Бұған дейін Астана, Алматы және Шымкентте "элиталық эскорт" ұйымдастырушылары анықталып, олардың қызметі тоқтатылған болатын. Олар түнгі клубтардан жас қыздарды тартып, жеңгетайлықпен айналысқан. Қылмыстық істер сотқа жіберілді.
Алматы мен Астананың түнгі орындарында профилактикалық рейдтер өткізілді. Мақсаты — қылмыстық қанау тәуекелдерінің алдын алу, жастарды жағымсыз ортаға тарту фактілерін болдырмау және қоғамдағы моральдық құндылықтарды күшейту.
Құқық қорғау органдары кешенді профилактикалық жұмысты жалғастырып жатыр.