Назарбаев Университеті Bartanaeva Lab зертханасының ғылыми қызметкері, жас ғалым Айым Дүйсен ғылым саласындағы мәселелерді егжей-тегжейлі баяндап берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жас ғалымның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда ғылымға жеткілікті көңіл бөлінбеген және осы саладағы проблемалар да жеткілікті. Бұл туралы ол "Ашық алаң" бағдарламасында айтты.
"Ғылым саласын қаржыландыруға байланысты өзгерістер енгізілген еді. Мәселен, бір грант 3 жылға беріледі. Енді бір жұмысты аяқтамайынша, яғни 3 жыл өтпейінше, сіз екінші грантқа өтініш бере алмайсыз. Одан кейін гранттың жауабы бірден шықпайды. Біз гранттың жауабын наурыз айында білуіміз керек болған. Бірақ жауап қазан айында ғана белгілі болды. Ал ақшасы жарты жылдан кейін түсті. Мен 6 ай жалақысыз отырдым. Бірақ жұмыс істедім. Ақша түскеннен кейін біз өзімізге керекті құрал-жабдықты алу үшін тапсырыс береміз. Мен мамырда тапсырыс берген дүнием қараша айында келді. Менде қазір өте аз ресурсым бар. Мысалы менің алған дүнием тек 2 мәрте тәжірибе жасауға жетеді. Былай тартсаң, былай жетпейді. Сонымен бірге айлықты 3 айда бір рет беретін қылып тастады. Ғылыммен айналысайын десең, қиындықтар өте көп", – деді жас ғалым Айым Дүйсен.