Logo
Іздеу
Айдарлар

Желтоқсан оқиғасының болуына бірден-бір себепкер – Қонаев

/
Желтоқсан оқиғасының болуына бірден-бір себепкер – Қонаев
ашық дереккөзден

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің шығу себептері жайлы қоғамдық пікір әлі күнге дейін алуан түрлі. Журналист Асылхан Мамашұлының "Жон арқадан ұрылған пышақ. Қилы кезең" атты деректі фильмінде бұл мәселеге жаңа қырынан баға беріліп, Дінмұхамед Қонаевтың биліктен кетуге құлықсыздығы оқиғалар тізбегін ушықтырған ықтимал себептердің бірі ретінде аталады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Деректі фильмде Михаил Горбачев билікке келген соң, одақтас республикаларды ұзақ жылдар басқарған, жасы келген көсемдерді біртіндеп ауыстыруды жоспарлағаны айтылады. Алайда ол бұл процесті тікелей емес, жанама жолдармен жүргізуге тырысқан. Себебі мұндай тұлғалардың ешқайсысы өз орнын оңайлықпен босата қоймайтын.

Сол қатарда Қонаев та бар еді. Ол Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы ретінде 26 жыл ел тізгінін ұстап отырды. Фильм кейіпкерлерінің бірі, Қызылорда қалалық партия комитетінің бұрынғы екінші хатшысы Сәдуақас Аңсат, Қонаевтың қызметінен кетуге ниетті болмағанын Желтоқсан оқиғасының басталуына түрткі болды деп есептейді.

"Горбачев айналасына тазалап, республикаға жастарды қойып жатқан кез еді. Қонаев өзі 74-те сол кезде. 12 қаңтарда 74-тен асып, 75-ке аяқ басқан кезі. Бес жылға сайланады, содан 80-ге дейін жұмыс істеймін деп ойлаған ғой. Ол кісінің де данышпандығы деп айтуға болмайды енді. Жастар келіп жатыр, өзінен кейін кадр дайындау керек еді ғой. Желтоқсан оқиғасының туындауы 16-съезде Қонаевтың өз орнын бергісі келмеуіне байланысты болды, сондықтан кінәлі сол деп есептеймін", – Сәдуақас Аңсат.

Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, ол кезеңде халық арасында "Қонаев билігін аяқтауы керек" деген ой мүлде болмаған. Кеңестік жүйеде мұндай талаптың өзі мүмкін емес еді.

"Жоқ, ондай ой болған жоқ. Себебі кеңес үкіметі кезінде басшылардың бәрі аяғымен алдына қарап шығарып салады не болмаса орнынан кетеді. Екеуінің біреуі. Басшы болдың ба, сен басшы болып туып, басшы болып өлуің керек сияқты. Менің ойымша, қоғамда ондай ой қалыптаспаған. Тоталитарлық жүйеде ондай ой қалыптасуы мүмкін емес", – деді Дос Көшім.

Журналист Ермұрат Бапи да сол кезеңдегі саяси мәдениетте "жасы келді – қызметтен кету керек" деген дәстүр қалыптаспағанын айтады. Кеңестің көптеген республикаларында да қарт басшылар ұзақ жылдар бойы билікте отырған.