Logo
Іздеу
Айдарлар

Енді Алматының тәртібі мен қауіпсіздігіне ЖИ жауап береді

/
Енді Алматының тәртібі мен қауіпсіздігіне ЖИ жауап береді
Сурет: pexels

Алматы қаласында орнатылған бейнебақылау камераларының мүмкіндігі кеңейді. Атап айтқанда, мектеп, балабақша, аурухана мен басқа да әлеуметтік мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі, қылмысты ашу мен тәртіпсіздік, заңбұзушылық әрекеттерді дәл анықтауы, өрт пен төтенше жағдайларды ерте табуы, жедел көмектесу шараларын ұйымдастыруы әлдеқайда жеделдеді.  

Алматы қаласында қазірде 150 мыңнан астам бейнебақылау камерасы бар екен. Бүгінде оның 57 мыңнан астамы 2023 жылы жұмысын бастаған Бірыңғай бейнебақылау жүйесіне қосылған. Бұл жүйе жасанды интеллекті арқылы өңделіп, талдау жұмыстарын жүргізеді. Соның арқасында қала жұртының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шарасы әлдеқайда күшейген көрінеді. 

Интеллектуалды талдау жүйесі күн сайын 500 мыңнан астам оқиғаны өңдеп, құқық қорғау органдарының жедел әрекет ету мүмкіндігін 40 пайызға дейін, мұрағаттағы қажет бейнедеректерді іздеуді 2,5 есе арттырып, жедел іздестіру шараларының тиімділігін жоғарылатқан. Мәселен, проактивті мониторингті іске қосу арқылы бейнеағымда болып жатқан оқиғаларды (төбелес, өрт, жану мен тұтану, жол апаты, қауіпті заттарды, қоқыс алаңдарын) сұрыптап, күнібұрын анықтап отыруға болады.  

Ақылды бейнеталдау жүйесіне ІІМ-нің базасы да қосылған. Соның негізінде адамның бет-әлпетін тануға, детекция жасауға, идентификациядан өткізуге мүмкіндік бар. Мәселен, соның арқасында биыл іздеуде жүрген не жоғалып кеткен 299 адам табылған екен. Олардың ішінде халықаралық іздеуде жүргендер де бар. Мұндай видеоаналитика жүйесі тіпті адамның киімі мен жынысын, мінез-құлқы мен әрекетін, тастап кеткен заттарына (сөмке, көлік, оның түсі, қоқыс, т.б.) дейін анықтап бере алады.

Бірыңғай бейнебақылау жүйесінің ауқымды территорияға жедел мониторинг жасауға да мүмкіндігі бар. Оған дрондар көмектеседі. Дрон арқылы заңсыз құрылыстарды, заңсыз қоқыс алаңдарын, су басқан жерлерді анықтауға, сондай-ақ коммуналды қызмет пен қала қызметінің жұмысын да бақылауға болады. 

Қазірде бұл ақылды бейнебақылау платформасын 12 мемлекеттік орган пайдаланады. Олардың арасында ведомствоаралық байланыс орнаған. Қаланың қоғамдық қауіпсіздігін бірігіп атқарады. Интеллектуалды платформа қаладағы жағдай мен ахуалды «дәл қазір, дәл осы жерде» бақылауда ұстауға, проактивті режімі арқылы реалды уақыт кеңістігінде жедел сақтану шараларын (төтенше жағдайларды анықтау, қауіп-қатерді ерте анықтау) ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, IP-қондырғылар арқылы датчик пен дабыл қағу, сирена құралдарын да бақылап отыруға болады. Әсіресе, бұл әлеуметтік инфрақұрылымдарға – мектеп, балабақша, ауруханаға пайдасы зор. Бүгінде бұл ақылды платформа 220 мектеп пен 185 балабақшаға қосылған екен. 

- Заманауи технологиялар жасанды интеллектімен бірігіп жұмыс істейді. Онсыз болмайды. Алматы қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де дәл сондай система қолданылып отыр. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктері көп. Бейнебақылау камерасына қосу арқылы қаланың экологиялық жағдайын, жол-көлік қозғалысын бақылауға, төтенше жағдайларды күнібұрын анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кептелісті дер кезінде анықтап, бағдаршамның жану-өшу уақытын ауыстырып отыруға да көмегі көп, - дейді Алматы қаласының әкімдігі. 

Бүгінде бұл AI-бейнеталдау жүйесіне қоғамдық орындарға, көше мен даңғыл бойындағы, «Таза Қазақстан», «Қауіпсіз аула» жобасының камералары мен әлеуметтік мекемелердің камералары қосылған екен. Алдағы уақытта ақылды жүйені әлі де кеңейтіп, басқа камераларды да жүйеге қосу көзделіп отыр. Жыл соңына дейін қосылған камера санын 70 мыңға жеткізу көзделген. Сондай-ақ, ақпараттық жүйе мен цифрлық сервистердің қауіпсіздігін, азаматтардың деректерін сақтау, кибершабуылдың алдын алу шаралары да мықтап қолға алынған екен. 

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауында Қазақстанды үш жылда цифрлық елге айналдыру стратегиясын мақсат етіп қойған еді.