Алматы қаласының басшылығы шаһарды басқару, қамтамасыз ету қызметтерінің түгелдей басын қосып, бірыңғай цифрлы қала кеңістігін құрмақ. Мұны – Алматының цифрлық кеңістікке көшірілген егіз үлгісі деуге де болады. Бұл – Қазақстанда тұңғыш қолға алынып отырған, аналогы жоқ жоба.
Мұндай интеграцияланған цифрлық модельге қаланың инфрақұрылымы, инженерлік желілері, транспорты мен экологиясы, құрылысы мен салынып жатқан ғимараттары, метереологиясы – түгелдей сандық форматқа көшіріліп, мемлекеттік органдардың кешенді, орталық басқаруына берілмек.
Цифрлы мегополис үш деңгейден тұрады: біріншісі – қаланың инженерлік инфрақұрылымы, екіншісі – қала құрылысы пен транспорт желісі, үшіншісі – табиғаты, экологиясы мен климатын қадағалап отыратын желілер.
Цифрлы қала үлгісінің негізгі дереккөзі – мегаполистің коммуналды қызметі дайындаған инженерлік желілердің орталық инвентаризация базасы, сондай-ақ қаланың әр төңірегінде орнатылған транспорт, экология және метеостанция IoT-датчиктері болмақ. Қазір қаладағы нысандарды, инженерлік желілерді түгендеу, қосымша датчиктерді орнату, сондай-ақ оны цифрлық кеңістікке көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Цифрлы қала инженерлік желі, инфрақұрылым мен транспорт торабы, салынып жатқан ғимарат пен коммуналды жүйеде болған кемшілік пен апатты дер кезінде анықтауға, сол арқылы жылдам шара қолдануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қауіп-қатер мен апаттың алдын алуға да септігі тимек.
«Соның арқасында қалада апат, бұзылып қалу аз болмақ, жоспарлы жөндеу жұмыстарын күні бұрын анықтап, оны сапалы, жүйелі жүргізуге жол ашылмақ. Сонымен бірге, қала тұрғындарының қажетіне қарай жаңа аудан, жол мен саябақ, әлеуметтік инфрақұрылымдарды, транспорт желілерін, жаңа ғимараттарды ойластырып салу сияқты ұзақмерзімді жоспарлады жүзеге асыруға да көп мүмкіндік бермек», - дейді Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы.
Басқарманың мәліметінше, мұндай смарт қала үлгісі Қытай тәжірибесінен, атап айтқанда Шэньчжэн қаласының мысалынан алынған екен. Қытай қаласын цифрландыруға 6 жыл уақыт кеткен көрінеді. Ал Алматыны сандық форматқа көшіріп шығуға екі жылдай уақыт кетпек. Жоспар бойынша 2026 жылдың соңында тұрғын-үй коммуналды қызмет пен транспорт желілерін цифрландыру жұмыстары аяқталмақ. Ал 2027 жылы басқа қызмет түрлерін қамтуға көшпек.
Ақылды қаланы моделін «Алматыны дамыту орталығы» АҚ пен қазақстандық QalaAI компаниясы әзірлемек. Қазақстандық AI-компания Шэньчжэн қаласын модельдеген SUTPC-тің (Shenzhen Urban Transportation Planning Center) техникалық қолдауына сүйенбек.
«Шетелдік мамандардың еліміздің мемлекеттік дерекқорларына қол жеткізуге мүмкіндігі болмайды. Ақпараттық қауіпсіздігін сақтау – басты шарт. Сондықтан деректер Қазақстан Республикасында орналасқан серверлерде сақталады, тек құпиялық жөніндегі келісімшартқа қол қойған қазақстандық компаниялардың ғана қарауына рұқсат етіледі. Жүйе ҚР ҰҚК-нің Мемлекеттік техникалық қызметі беретін міндетті аттестациясынан өткізіледі», - деп сенім білдірді басқарма.
Жоба Алматы қаласының әлемдік, заманауи және технологиялық мегополис ретінде дамуына бермек.