Алматы қаласында мектеп оқушыларына жасанды интеллектіні үйретуге арналған білім беру бағдарламасы іске қосылды.
Жоспар бойынша мемлекеттік мектептерде оқитын 10 мың оқушыға заманауи білім беріледі. Ал ішінен үздік нәтиже көрсеткен 1 мың оқушы junior-әзірлемеші мәртебесін алмақ. Ал оларға байқаудың соңында цифрлық өнім дайындауға мүмкіндік беріліп, әрқайсысы бір-бір IT-өнім дайындап шықпақ.
Бағдарламаның мақсаты – оқушыларды машинаны оқыту, жасанды интеллектіні үйренуге баулу әрі оны күнделікті өмірде қолдануына жол ашу.
Білім беру бағдарламасы 1 жылға созылмақ. 10-11 сынып оқушылары оқиды. Оқушылар бағдарламалау негіздерін үйреніп, ЖИ-мен жұмыс істеу, веб-әзірлеме дайындау дағдыларын меңгермек. Сондай-ақ, дизайн, маркетинг, технологиялық кәсіпкерлік негіздерін үйреніп шықпақ. Курсты тамамдаған оқушыларға сертификат табысталады. Сертификатта жасанды интеллект курсын толық оқып шыққаны расталады. Соңында оқушылар жасанды интеллекті базаларын пайдалана отырып бір-бір қосымша әзірлеп шығуы керек. Мұндай оқушыларға junior-әзірлемеші біліктілігі берілмек.
Оқушылар дәріс тыңдап, практикалық тапсырмалар орындайды, уоркшопқа қатысады, соңында білімін бекіту үшін әрбірі 24 сағаттан тұратын 3 хакатоннан өтпек. Байқаудың ең соңында «Демо-күн» ұйымдастырылып, үздік 10 жоба іріктеп алынады. Ал олардың иесі халықаралық аренада жобасын таныстыруға, тіпті АҚШ-тың Кремний алқабына барып, конференцияға қатысуға не университеттерін көруге мүмкіндік алмақ.
Алматы қаласында жылдың соңына дейін екі оқу орталығын ашу жоспарланған. Біріншісі – TUMO Алматы атты жасөспірімдерге арналған креативті технология мектебі. Оның бағдарламасында 15 бағыт бар: бағдарламалау, робототехника, генеративті ЖИ, анимация, медиа, т.б. Екіншісі – 18 жастан асқан жастарға арналған Tomorrow School атты peer-to-peer мектебі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 8 қыркүйектегі жолдауында цифрлық жаңғырту жұмыстарын жүргізуде білім беру саласының айрықша рөл атқаратынын атап айтқан еді. Әсіресе, жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс деген еді. Бұған себеп – әлемде жасанды интеллекті мен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныстың күрт артуы.
«Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет», - деді ел президенті.