Әйелдер құқығы және Ирандағы репрессияларға қарсы күресімен танымал құқық қорғаушы Наргиз Мохаммади тағы да ұсталды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.
Дереккөздің мәліметінше, ол саяси тұтқындарды бірнеше рет қорғаған, жақында қайтыс болған заңгер және құқық қорғаушы Хосров Аликордидің құрметіне арналған еске алу шарасы кезінде ұсталған. Аликорди жұмыс орнында жүрек талмасынан қайтыс болған, алайда оның өлімінің мән-жайы сұрақ туғызады.
Бұл Мохаммадидің 14-ші рет түрмеге түсуі. 2016 жылы ол өлім жазасына қарсы құқық қорғау қозғалысына жетекшілік еткені үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 2024 жылдың желтоқсанында аяғына ота жасалғаннан кейін медициналық көрсеткіштер бойынша уақытша босатылып, кейін оның жаза мерзімі бірнеше рет ұзартылды.
Биліктің қысымына қарамастан, Мохаммади наразылық акцияларына қатысуын жалғастырды. Ол тіпті өзі бұрын қамауда болған, Теһрандағы атышулы Эвин түрмесінің алдындағы демонстрацияға да шыққан. Эвин түрмесі азаптау, жалғыз камерада ұстау және мыңдаған саяси тұтқын қамауда отырған озбырлығымен белгілі.
Amnesty International ұйымының мәліметінше, Мохаммади түрмеде азаптауға ұшыраған және бірнеше рет жүрек талмасын бастан өткерген.
Естеріңізге сала кетейік, Наргиз Мохаммади міндетті хиджаб киюге және өлім жазасына қарсы күресі үшін 2023 жылы Нобель Бейбітшілік сыйлығымен марапатталды. Сыйлықты оның атынан екі баласы алды. Марапат жарияланған сәтте ол 31 жыл бас бостандығынан айыру және 154 дүре соғу үкімін өтеп, түрмеде отырған болатын.