Жезқазғанда болған өрт кезінде Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары тоғыз адамды эвакуациялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Өрт 2025 жылғы 14 желтоқсанға қараған түні көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен шыққан.
«Өрт сөндіру бөлімшелері келген сәтте үй ішінде қатты түтін болып, тұрғындардың өміріне қауіп төндіргені анықталды», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
«Құтқарушылар дереу барлау жүргізіп, адамдарды эвакуациялауға кірісті. ТЖМ күшімен 9 адам, оның ішінде 4 бала эвакуацияланды. Тағы 72 тұрғын үйден өз бетімен шығып үлгерген», – деп хабарлады ҚР ТЖМ.
Өрт төрт бөлмелі пәтердің жатын бөлмесінен шыққан. Өрт қысқа уақыт ішінде сөндірілді.
Айта кетейік, 13 желтоқсанға қараған түні Қарағанды облысында дәмханалардың бірінде болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тауып, тағы 11 адам ауруханаға жеткізілген еді.